Шымкент қаласы және Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында карантиндік шектеу шаралары күшейтілді. Бұл туралы облыстардың бас санитар дәрігерлері мәлімдеді.
Шымкент қаласының бас санитар дәрігері Әбдіманап Тулебаев карантинді күшейтуге қатысты жаңа қаулы шығарды.
"Шымкент қаласының аумағында 11 қаңтар сағат 00:00-ден бастап 25 қаңтар сағат 00:00-ге дейін карантин және шектеу шаралары ұзартылсын" делінген қаулыда.
Жаңа қаулыға сәйкес:
- адамдардың көп жиналуына байланысты кез келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынады (банкет, той, еске алу, туған күн, мерейтой, шығарып салу, құдалық);
- 65 жастан асқан адамдардың қалада жүруіне шектеу қойылады;
- қалада жүргенде маска режимін сақтау және адамдар арасында кемінде 2 метрге дейін әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет;
- қоғамдық тамақтану орындарында антисептик қолдану, карантин режимін ескеру керек.
Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина карантин шаралары туралы қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Қаулыға сәйкес:
- көпшілік жиналатын салтанатты, отбасылық, естелік, ұжымдық және басқа да іс-шараларды өткізбей, жұмыс тәртібі сағат 9-ден 20-ге дейін, келушілердің саны 50%-ға дейін, бірақ отыратын орын 30-дан артық емес, үстел арасындағы қашықтық 2 метрден кем емес және келушілер арасында 1 метрден кем емес қашықтықты сақтаған жағдайда қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметіне рұқсат беріледі;
- сенбі және жексенбі күндері қызметін тоқтата отырып, жұмыс күндері алдын ала жазылу бойынша келушілердің санын 50%-дан асырмай және бір адамға 5 шаршы метрден кем емес орынды қамтамасыз етіп, фитнес-орталықтары, тренажер залдары мен спорт сауықтыру орталықтарының қызметіне рұқсат беріледі;
- COVID-19 таралуы мен алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысатын ұйымдардан және тіршілікті қамтамасыз ететін кәсіпорындардан, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен және төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлерінен басқа; штаттық кестеде 15 және одан артық қызметкер болғанда, қызметкерлердің кемінде 80%-ы қашықтан жұмыс атқарады;
- сенбі және жексенбі күндері алаңы 2000 ш.м.-ден астам сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда орталықтарының жұмысын тоқтата отырып, сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлерінің, сауда орталықтарының қызметі шектеледі;
- Балалар ойын алаңы мен аттракцион қызметіне тыйым салынады.
Қаулы 2020 жылдың 14 қаңтарында сағат 00.00-ден бастап күшіне енеді.
Сондай-ақ Ақтөбе облысының бас санитар дәрігері Г. Даулетованың карантинді күшейтуге қатысты қаулысына сәйкес, аталған нысаналарға тыйым салынады:
- конференциялар, көрмелер, форумдар, ойын-сауық, спорттық, сондай-ақ адамдар көп жиналатын отбасылық, салтанатты, естелік және басқа да іс-шараларды, оның ішінде үйде, митингтер, шерулер, жиындар және т.б.- тыйым салынады;
- ойын-сауық мекемелерінің, балалар ойын алаңдары және аттракциондар, жабық үй-жайлардағы, батуттар, букмекерлік кеңселердің және лото-клубтардың қызметтеріне, оның ішінде лотерея ұтыстарына тыйым салынады;
- бастауыш, орта және негізгі орта деңгейдегі білім беру, орта және жоғары оқу ұйымдарындағы асхана жұмысы шектеледі;
- 30 адамнан асырмай жинақтай отырып, күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтаған жағдайда, облыстық командаларды даярлау үшін оқу-жаттығу жиындарын қайта бастауға рұқсат беріледі.
Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов карантиндік жаңа шектеу шаралары 11 қаңтары сағат 7:00-ден бастап күшіне енетінін ескертті.
Қаулыға сәйкес:
- 50-ден аса отыратын орны бар қоғамдық тамақтану объектілерінің (асхана, дәмхана, кофе, мейрамханалардың және басқа да мекемелердің) жұмысы тоқтайды;
- ойын-сауық нысандарының жұмысы тоқтатылады;
- Қоғамдық көліктің жұмысы 23.00-ге дейін ұзартылады;
- облыс шегінен тыс жерден қоғамдық көліктердің жұмысына рұқсат етіледі;
- Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс күндері (дүйсенбі-жұма) сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі күндері сағат 9:00-ден 14:00-ге дейін істейді.
Шығыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері Х. Илюбаев коронавирус инфекциясының алдын алу үшін өз қаулысына жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Қаулыға сәйкес:
- бұқаралық отбасылық, салтанатты, еске алу іс-шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас беру), оның ішінде үйде өткізуге тыйым салынады;
- ұжымдық діни рәсімдердің (жұма намаз) өткізілуіне жол берілмейді;
- тамақтану залындағы отыратын орындар санының 30%-нан аспайтын толтырылуымен білім беру және тәрбиелеу ұйымдарында қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысына рұқсат беріледі;
- контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейін дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат етіледі.
Қостанай облысының бас санитар дәрігері В. Нечитайло карантин талаптарына бірқатар өзгерістер енгізді.
Қаулыға сәйкес:
- өңірлер арасында жеке автокөліктің жүріп-тұруына рұқсат беріледі;
- Қостанай облысы елді мекендерінің аумағында тұрғындардың маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 3 адамнан аспайтын топпен немесе бір отбасы мүшелерімен уақыт бойынша шектеусіз жүріп-тұруына рұқсат беріледі;
- ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды өткізуге тыйым салынады;
- кинотеатрлардың, букмекерлік кеңселердің қызметі тоқтатылады;
- фудкорт, банкет залдарының қызметіне тыйым салынады;
- мәдениет объектілерінің (жеке, топтық дайындықтар), театрлардың қызметі тоқтатылады.
Қызылорда облысының бас санитар дәрігері Д. Жанабергенова карантин шаралары туралы №1 қаулысына өзгерістер енгізгенін мәлімдеді.
-
ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынады;
-
кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметіне тыйым салынады;
- спортшылар Қазақстаннан тыс жерлерде оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуға шыға алмайды;
-
қала маңындағы жолаушылар поездарының қозғалысына рұқсат беріледі;
-
жеке автокөліктің өңірлер арасында жүруіне рұқсат етіледі.
Маңғыстау облысының бас санитар дәрігері Г.Надуев коронавирус инфекциясының алдын алу туралы қаулысына төмендегідей толықтырулар мен өзгерістер енгізді:
- конференциялар, көрмелер, форумдар, ойын-сауық, сондай-ақ адамдар көп жиналатын отбасылық, салтанатты, естелік және басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынады;
- спортшыларға Қазақстаннан тыс жерлерде оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуы үшін шығуына тыйым салынады;
- карантин режимін сақтай отырып, қала маңындағы жолаушылар автобусының қозғалысына рұқсат етіледі.
Сонымен қатар 2020-2021 жылдың ІІІ тоқсанынан бастап:
- карантин талаптарын сақтай отырып, пәндердің 70%-ын дәстүрлі форматта, 30%-ын қашықтан оқыту форматына көшіріледі;
- 15 баладан аспайтын кезекші топтарды ұйымдастыра отырып, мектепке дейін мекемелердің қызметіне рұқсат беріледі.
Пікір қалдыру