Қытай 28 америкалыққа, оның ішінде бұрынғы мемлекеттік хатшы Майк Помпео мен Дональд Трамптың сауда жөніндегі кеңесшісі Питер Наварроға санкция енгізді. Бұл туралы Қытай сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылды.
"Соңғы жылдары АҚШ-тың Қытайға қарсы бірқатар саясаткерлері өздерінің саяси мүдделері мен Қытайға деген жеккөрушілік негізінде Қытай мен Америка халықтарының мүдделерін елемей, Қытайдың ішкі істеріне елеулі араласатын болған және ҚХР мүдделеріне нұқсан келтірген бірқатар ақылсыз әрекеттерді жоспарлап, жүзеге асырды. Қытай АҚШ-тың осындай әрекеттеріне жауапты 28 адамға санкция енгізу туралы шешім қабылдады" делінген хабарламада.
Бұған дейін Майк Помпео Қытайды Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағында "геноцид және адамзатқа қарсы қылмыстар" жасады деп айыптаған. Оның айтуынша, Қытай үкіметі "ұйғырларды жүйелі түрде жоюға тырысады".
Қытай билігі барлық айып мен сынды терістеп, елдің ішкі ісіне араласпауға шақырған.
Пікір қалдыру