Facebook әлеуметтік желісінде "Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Батыр ауылының тұрғыны COVID-19-ға қарсы екпе алғаннан кейін қайтыс болды" деген ақпарат жарияланды. ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомствоның хабарлауынша, Маңғыстау тұрғыны коронавирус инфекциясын екпеген.
– 1978 жылы туған ер адам 19 қаңтарда қан қысымының көтерілуі салдарынан қайтыс болды. Ол ешқандай екпе алған жоқ. Бүгінде Маңғыстау облысына коронавирус вакцинасы әкелінген жоқ. Вакцинаның бірінші партиясын өңірге 2021 жылғы 28-29 қаңтарда жеткізу жоспарланған. Айта кетейік, вакциналаумен бірінші кезекте жұқпалы аурулар емханалары, жедел медициналық жәрдем, реанимация, БМСК, қабылдау бөлмелері, санэпидқызметтерінің медицина қызметкерлері қамтылады. Марқұм болған азамат бұл санаттардың ешқайсысына жатпайды, – деп түсіндірді санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінде.
Сондай-ақ ведомство өкілдері көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, бұл үшін 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылан.
Пікір қалдыру