Вакцинаны еккеннен ауру жаппай таралса, онда министр сотталады – Мыңжылқы Бердіқожаев

/image/2021/01/21/crop-4_7_443x591_2020_08_18_crop-296_8_486x648__2y16mgubtu.jpg

Нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев азаматтар коронавирус вакцинасын салдыртқан күннің өзінде қауіпті індетті жұқтырып алу қаупі бар деген пікірде. Бұл ретте маска кию, жеке бастың гигенасы, әлеуметтік арақашықтықты сақтау әлі де қажетті шаралар екенін ескертті.

– Денсаулық сақтау министрлігі 1 ақпаннан бастап вакцинацияның графигін анықтап, белгілеген болатын. Бұл вакцинация үрдісі қалай жүретінін уақыт көрсетеді. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі бірнеше компаниялармен вакцина жөнінде келісімшартқа отырған. Солардың қатарындағы ресейлік "Спутник V" вакцинасын Қарағанды қаласында шығаруды бастап кетті. Сонымен қатар өзіміздің QazCovid-in вакцинасы әзірлеу де жасалып жатыр. Бірақ қазіргі уақытта үшінші тексеріс сатысынан өткен вакциналардың қатарына бұл вакцина жатпайды. Үшінші сатыны бітірмей вакцинаны қолданысқа енгізді. Қазір Ресейдің "Спутник V" вакцинасын шет мемлекеттер де қолданып жатыр. Әзірге вакцина ектірген адам індетпен ауырса қаншалықты жеңіл өтетіні, инфекцияны жұқтыру қаупі жойылатыны немесе инфекция жұқтырған кезде ауру керісінше өршіп кетеді ме мұны айту қиындау. Ол үшін шамамен жарты жылдан 1 жылға дейін уақыт керек, – дейді дәрігер.

Нейрохирург мемлекет вакцинаны өз тарапынан қолданысқа жарайды деп есептесе, онда олар өзіне бар жауапкершілікті алып отырғананын атап өтті.

– Вакцинаны қазақстандықтарға еккеннен, жаппай ауру таралса, онда денсаулық сақтау министрі Цой және оның жанындағы кісілер сотталады. Сондықтан олар өздеріне үлкен жауапкершілікті алып отыр. Әрине, азаматтардың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. Бірақ әр вакцинаның белгілі бір мөлшерде кері әсері болады. Норвегияда "Pfizer" вакцинасын енгізгеннен кейін 1 апта ішінде 23 адамның қайтыс болғанын естіп жатырмыз. Бірақ 23 адамның ішінде жасы үлкен кісілер болса, онда өлім вакцинадан болды ма немесе адамның дәмтұзы өзі сол уақытта таусылды ма оны айту қиындау. Үшінші сатыдан өтпеген вакцинаны қолданса, құзырлы органдар жауапқа тартылады. Вакцина салған күннің өзінде де маска кию, жеке бастың гигенасы, әлеуметтік арақашықтықты сақтау әлі де аса маңызды, – деді ол.

Дәрігер елде коронавирусқа қарсы жеткілікті мөлшерде дәрі-дәрмектер алынып қойғанын және адамдардың өмірін сақтап қалуға көп мүмкіншіліктер барын айтты.

– Коронавирусқа қарсы иммунитет шамамен 4 айдың ішінде әлсірейді деп айтып жатыр. Көктемде күніне 3 мың немесе 10 мың адам вирус шұқтыра ма, оны айту қиындау. Не болса да алдағы уақытта көппен бірге көреміз. Енді жаздағы жіберілген қателіктер қайталанбайды деп ойлаймын. Жеткілікті мөлшерде дәрі-дәрмектер алынып қойған және қазіргі емдеу хаттамасы идеалды болмаса да адамдардың өмірін сақтап қалуға көп мүмкіншіліктер бар. Сондықтан көп адам ауырса да ем дұрыс жүрсе, адам шығыны аз болуы керек. Бұрын 85 пайыз адамдар ауырған кезде жеңіл түрде өткізетін болса, қазіргі таңда 90 пайыздан астам адам ауруды жеңіл өткізіп, емдеу дұрыс болады. Ауыр түрінде ауыратын науқастар 5 пайыздан аспайды деп ойлаймын. Егер мың адам ауыратын болса 5 пайыз ол шамамен 50 адам. Ол 50 адамды емдеп шығуға біздің денсаулық сақтау жүйесінің қауқары жетуі керек, – дейді ол.

Ол елде коронавирус қатты өршіп, адам шығыны көбейетін болса, қайтадан карантин шаралары енгізілуі мүмкін екенін жеткізді.

– Басқа мемлекеттердің тәжірибесін қарайтын болсақ, індет өршігенде карантин шараларын қатаң қылып, локдаун жасап, үйінен шығармай қойған. Бірақ дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қатаң карантинді енгізбей, шешім қабылдағандары дұрыс. Дегенмен Франция, Шығыс Еуропа мемлекеттерінің көбісі қатаң карантин шараларын енгізді. Егер де елде вирус қатты өршіп, адам шығыны көбейетін болса, қайтадан карантин шараларын енгізуі мүмкін, – деп сөзін түйіндеді Мыңжылқы Бердіқожаев.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар