Қазақстанда 1 ақпаннан бері ресейлік "Sputnik V" коронавирусқа қарсы екпе салу басталды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа вакцина салу жоспарланған. Бірақ халық арасында екпеге байланысты көзқарас әртүрлі. Екпеге күмәнмен қарап, қарсылық білдіріп жатқандардың қарасы көп. "Қамшы" тілшісі вакцинацияға қатысты көптің көкейіндегі сауалдарға жауап іздеп, кәсіби мамандар пікірін білді.
Қазақстандықтардың тең жартысынан көбі ауырып жазылған
Медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер Қайырғали Көнеев коронавирусқа вакцинасын жаппай емес, қажетті азаматтарға ғана салу қажет деп санайды.
– Дәл қазіргі уақытта халықты жаппай вакцинациялаудың қажеті жоқ. Өйткені қазақстандықтардың 50-60 пайызы коронавируспен бір ауырып, қалыпты жағдайға келді. Қазір үкіметте халықты ойлайтын ешкім жоқ. Әрине, екпенің сапасына ешқандай күмәнім жоқ. Бірақ оны жаппай емес, қажетті азаматтарға ғана салу қажет. Сондықтан вакцина салмас бұрын адамдарды толық тексерістен өткізіп алған дұрыс, – дейді дәрігер.
Біз қазір мұрынға тамызатын екпе әзірлеп жатырмыз
Ал вакцинолог, профессор, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Халықаралық вакцинация орталығының директоры – Қайсар Табынов "екпе ысырап болмас үшін ең алдымен скрининг жүргізу керек", – деген пікірде.
– Халықтың жаппай екпе салуға күмәнмен қарауы – оларға ақпараттың, үгіт-насихаттың дұрыс жүргізілмеуінен. Оның үстіне ұсынылып жатқан көптеген вакциналар өте асығыс, қысқа уақытта жасалды. Сондықтан халық оның сапасына күмәнмен қарайды. Менің жеке ойым екпені азаматтар белгілі бір нұсқаулық бойынша қабылдауы қажет. Ал үкіметтің халықты оған жаппай міндеттеуі дұрыс емес. Өйткені біріншіден, дәл қазір елде вакцина жеткіліксіз. Сондықтан екпе қабылдар алдында ең алдымен пациент коронавируспен ауырды ма, ауырмады ма деген сұраққа жауап беру керек. Оның бірден-бір көрсеткіші ауырған адамдарда белгілі бір мөлшерде антидене сақталып, біраз уақыттан кейін жоғала бастайды.
Жалпы вакцинаны ысырап жасамас үшін ең алдымен скрининг жүргізу керек деген ойымды тарқатып айтсам, қазір бізде қолжетімді скриниг жасайтын тест жүйесі жеткілікті. Мәселен, медицина қызметкерлерінің көбі – қауіпті індетпен ауырып жазылғандар. Онда оларға қайтадан вакцина егудің қажеті қаншалықты? Себебі оларда белгілі бір иммунитет түзілді ғой. Осы жағынан келгенде, біздің ұсынысымыз – адамдардың иммундық статусын тексеріп, егер антиденесі жоқ немесе төмен деңгейде болса ғана екпе салу. Ал антидене деңгейі жоғары болса, қазір оларға екпе егудің қажеті жоқ, – деп атап өтті ол.
Вакцинологтың айтуынша, кез келген вакцина заңнамаға сәйкес Қазақстан аумағында пайдаланбас бұрын ресми түрде тіркелуі қажет.
– Денсаулық сақтау министрлігі бар жауапкершілікті өздеріне алғандықтан вакцинаға ешқандай күмән келтірмеймін, керісінше дұрыс қадам деп есептеймін. "Sputnik V" туралы шыққан соңғы деректерге сүйенсек, тіпті 80 жастан асқан адамдарға салынып, оң нәтиже көрсеткен. Біздің министрлік 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге және 65 жастан асқан азаматтарға вакцина салудың қажеті жоқ екенін айтқан. Алайда аталған нұсқаулық өзгеретін сияқты, – деді ол.
Сондай-ақ Қайсар Табынов қазір өздерінің зерттеу орталығында шығарып жатқан екпенің жаңа түрі туралы айтып берді.
– Біз шығарып жатқан вакцинаның ерекшелігі түбегейлі жаңа технологияға негізделген. Оның 2 түрі бар. Біріншісі – бұлшық етке егілетін вакцина, екіншісі – мұрынға тамызатын. Алайда әлі бізде оған клиникаға дейінгі зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылы вакцинаны алдымен маймылдарға салып көруді жоспарлап отырмыз. Кейін нәтижесіне қарай көреміз. Енді біздің негізгі мақсатымыз – жаңадан жасалып жатқан платформаны белгілі бір межеге жеткізіп, келесі пандемияға дайындалу, – деп түйіндеді сөзін профессор.
Пікір қалдыру