Түркістан облысының полицейлері қару қолданып, бұзақылық жасаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазығұрт аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне учаскелік инспекторлардан бос жайылымдардың бірінде болған кезекті көкпарды тоқтату кезінде белгісіз тұлғалардың тарапынан қару қолдану арқылы бұзақылық болғаны бойынша хабарлама келіп түсті. Аталған жайтты Қазығұрт полицейлері қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі "бұзақылық" бойынша СДТБТ-ға тіркеп, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті.
"Жедел жүргізілген арнайы операция нәтижесінде Түркістан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы ҰҚКД және ұлттық ұланның "Бүркіт" арнайы жасағымен бірлесіп, Қазығұрт кенті көшелерінің бірінде "ВАЗ" маркалы автокөлікті тоқтатып, 4 күдіктіні ұстады. Ұсталған Қазығұрт ауданының 4 жас тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді" делінген хабарламада.
Департамент мәліметінше, күдіктілерді тінту кезінде полицейлер сөмкені тауып алып, одан заттай дәлел ретінде 16 калибрлі шолақ мылтық пен оқ-дәрілерді тәркілеген. Жедел уәкілдер күдіктілердің үйін одан әрі тінту кезінде қосымша 16 калибрлі аңшылық мылтық пен екі травматикалық тапаншаны тапты.
"Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша қылмыстық кодекстің 293-бап "Бұзақылық" және 287-бап "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жастар қамауға алынды. Полиция қызметкерлері күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп, қарудың қайдан алынғанын анықтап жатыр" делінген хабарламада.
Пікір қалдыру