«ЭЦП»: тегін қызметті сатып жатқан кімдер?

/image/2021/02/19/crop--2_166_214x286_145149892_251339483228569_7027469808948713742_o.jpg

«Цифрлы Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «электронды құжат айналымы» деп жарияға жар салғанда ысқырығымыз жер жарады, бірақ «айдағанымыз расында да бес ешкі» деңгейінде. Өйткені Үкіметтегі кез келген жиында жоғарыдағы ұғымдар міндетті түрде бір қозғалады. Ал халық арасында ол жүйелердің жүзеге асуы қалай? Мәселе осында!

Жаңа жылдан соң ЭЦҚ алу үшін ноутбугымды қостым. Алдымен NCALayer бағдарламасын ноутбукқа орнату қажет екен. Ғаламтордан жүктеп те, лицензиясы бар бағдарламаны орнатып та көрдім. Ғаламтор жылдамдығының әлсіздігінен бағдарлама орнатылмады. Бұл онлайн қызметке жүгінгісі келетін халықтың кездесетін ең бірінші мәселесі!

Жақында «2021 жылы елордада, ал 2025 жылы республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 5G интернеті қосылады» деген ресми хабарлама тарады. Шыны керек, қазір тарифке сай ақысын төлеп отырсаң да, не қолымыздағы телефонымыз, не роутеріміз 4G ұстамайды. Яғни, еліміздегі ғаламтор жылдамдығы тек мемлекеттік мінберлерде ғана жоғарылап жатыр, ал халық қолданып отырған ғаламтор жылдамдығын тауға шығып, үйдің шатырында отырып сабақ оқып жүрген оқушылар деңгейінен-ақ байқауға болады.

Көмек сұрап 1414 бірыңғай байланыс қызметіне қоңырау шалдым. 45 минуттай желіде күткен соң, бұдан артық күтуге төзімім жетпей жақын орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығына бет алдым. Бұл ЭЦҚ алудағы екінші мәселе. Кейде онлайн кеңес сұрау үшін қоңырау шалсаң сағаттап күтсең де, қоңырауға жауап ала алмайсың. Яғни онлайн қызмет қолжетімсіз.

Еріксіз карантиндік жағдайға қарамастан ХҚО-ны бетке алдым. Орталықтың алдына жақындағаным сол, «ЭЦҚ ашамыз, ЭЦҚ жаңартып береміз, мың теңге» деген жас жігіттер жолымды кес-кестей берді. Байқасам, орталықтың алдында түрлі нотариус қызметімен қоса, «ЭЦҚ ашамыз» деген хабарландырулар да қаптап кетіпті. Бұл үшінші мәселе. Осылайша, жүйенің өзі қызметті үйден қолжетімсіз етіп, ауадан ақша жасап, тегін қызметті сатып жүргендерге айдап әкелетін секілді....

Әр адамның жеке дерек қоры сақталатын дербес электрондық цифрлық қолтаңбасы қалайша кез келген жерде, көшеде ашыла беруі керек?! Жекелеген адамдарға ЭЦҚ ашу құзіретін кім берген? Тегін қызмет қалайша, дәл халыққа қызмет көрсету орталығының алдында ақылы саудаланып жатыр? Жалпы қоғамның дамуына халық ілесе алып жатыр ма? Үлкен мінберлер мен кабинеттерде ғана айтылатын электрондық құжат айналымы ұғымының халық ішінде жұмыс істеуі қалай?

Айтпақшы, whatsapp қосымшамда өзім тұратын аймақ тұрғындарына арналған арнайы чат бар. Кеше кешкісін, «ЭЦҚ аша алмай отырмын, балабақша үшін» деп бір келіншектің смс жазғаны сол, келесі тұрғын «Сәт» дүкеніне барсаң, 2000 теңгеге ашып береді деп «жөн сілтеді». Цифрланған Қазақстан әзірге осы болып тұр...

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар