19 ақпан күні Жаңатаста болған қайғылы оқиғаның жай-жапсарын көршілері айтып берді. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Түтінге тұншыққан бүлдіршіндердің төртеуін анасы іштен өз қолымен алып шыққаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта оқиға орнында сарапшы мамандар тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Үйдің кіре берісін полиция қызметкерлері күзетіп тұр.
Жақын маңдағы пәтерлердің тұрғындары қайғылы оқиға орын алған күні не болғанын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
– Құтымен су және сүлгі беріңіз деді. Мен аштым. Бердім. Бірақ айқайлаған жоқ. Айқайласа бәріміз шығар едік қой. Ашсам, мына жердің барлығы түтін. Шыға алмайсың. Сосын құрбысы кірейін десе, өзі кіріп екі баласын алып шықты. Болды. Басқа ештеңе білмеймін, – деді қала тұрғыны Алтынкүл Жамалбекова.
Төменгі қабатта тұратын көршілері кеш естідік деп отыр. Өртті сыртта жүрген адамдар байқап хабар берген. Өрт сөндірушілер келгенше пәтерден бес баланың төртеуін анасы өз қолымен алып шыққан. Оларды жедел жәрдем келгенше көршілерінің көлігімен ауруханаға алып кеткен. Өкінішке орай, сәбилер аурухана жетпей көз жұмған.
– Полға дейін түтін. Кірдім де қайтып шығып кеттім. Жылыту пешін қоймаған. Себебі біз кеше криминалистермен кіріп көрдік қой. Жедел жәрдем кейін келді, – деп айтты көршісі Садық Егембердиев.
Өрт болған пәтер балалардың нағашы апасының үйі екендігі белгілі болды. Ал бұл отбасы көпбалалы ретінде пәтер кезегінде тұр.
– Бірінші сыныпқа енді барған бала ғой. Қалғандарының ортасы бір жастан. Осында бәрі тізіліп жүретін анасының артынан. Жас отбасы ғой. Олар анасының орнына көшіп келді ме, бірдеңе қылды. Бұрын әке-шешесінің пәтерінде тұрған, – деп айтты Жаңатас қаласының тұрғыны Ораз Исмаилов.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек қазіргі уақытта қайтыс болған бүлдіршіндердің отбасына түрлі көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Пікір қалдыру