Бүгін ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысы өтті. Кеңес барысы алдымен Ақорданың twitter парақшасында қысқаша беріліп отырды. Енді міне, Ақорда сайты президент сөзінің толық нұсқасын жариялады. Жерді шетелдіктерге жалға беру мен сату мәселесі төңірегінде туған дауға байланысты президент нақты бірнеше шешім қабылдағаны хабарланды.
Тоқаев жер мәселесінің ерекше маңызды екенін атап өтіп, қазақ жерінің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы бұған дейін де бірнеше мәрте мәлімдегенін еске салды.
– Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым.
Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек.
Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек.
Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын.
Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды, – деді ол.
Пікір қалдыру