«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында партияның алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті.
Оның айтуынша, 1 наурызда «Nur Otan» партиясының құрылғанына 22 жыл толады. Осынау айтулы күннің қарсаңында еліміз бойынша мыңнан астам белсенді азамат партия қатарына қосылды. Олардың арасында азаматтық қоғам, білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, мәдениет пен спорт саласының өкілдері бар.
«Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, нұротандықтардың басты принциптері – жауапкершілік, командалық рух және партия идеалдары мен құндылықтарына берік болу. Біз Жарғы талаптарына сәйкес партиялықтардың сапалық құрамын жақсарту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ партия жақтастарының институты кеңейтіледі», - деді ол.
Бауыржан Байбек атап өткендей, алдағы электоратаралық кезеңде Елбасы «Nur Otan»-ның жұмысын толықтай қайта құруды және сайлауалды уәделердің іске асырылуына жүйелі бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
«Партия Лидерінің фракциялар жұмысын күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес біздің депутаттардың қоғамдық рейтингі енгізіледі. Партиялық тізімдерде резервте тұрған 2 мыңдай азамат, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар тартыла отырып, партия қоғамдық кеңестерінің жұмысы жүйелі түрде қайта құрылымдалатын болады», - деп мәлімдеді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ, ол өз жазбасында «Электронды партия» жобасын жандандыру аясында Үкіметпен бірлесіп әр өңір, қала және аудан бойынша сайлауалды бағдарламалар шеңберіндегі жол карталарын іске асыруға мониторинг жүргізу үшін цифрлық платформа әзірленетінін айтты.
«Партия Лидері айтқандай, «Nur Otan»-ның аппараты пандемия кезеңінде тұрғындармен нақты жұмыс жүргізуге бағдарлануы тиіс. Ел көлеміндегі 234 қоғамдық қабылдау бөлмесі өзара әрекет жасаудың проактивті форматына көшуі тиіс. Оның ішінде әлеуметтік желілер де қамтылуы қажет. Осыған байланысты алға қойылған жаңа міндеттер ескеріле отырып, қоғам қайраткері Әлия Садырбаева партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы болып тағайындалды. Оның заң және қоғамдық ұйымдар саласында 20 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар», - деп жазды Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар, соңғы жылда бізге 393 мыңнан астам өтініш келіп түскені айтылды. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. 5 жыл ішінде партияға 1,2 млн. адам жүгінсе, оның ішінде 423 мыңнан астамы – онлайн-форматта. Олардың 92%-і оң шешімін тапты, тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді.
Пікір қалдыру