Біз күнде ұлттың тағдырына балта шауып жүрміз

/uploads/thumbnail/20170708193706742_small.jpg

Қазақстанда "тіл" деген әбден жауыр болған тақырып. Ол жетпегендей ұлтты бөліп "шала қазақ пен таза қазақ" деген сөздер қалыспайды. Бір қауымды екіге ажыратып, бір-біріне сүйкімсіз етіп көрсету - қазаққа бағытталған тілдік шабуылдардың бірі.

Жарайды, мейлі, қазақша түсінбесін, сөйлей алмасын, "мәңгүрт" дерсіз айналып келгенде қара көзді, қаны қазақ бауырымыз ғой. Өзекке теуіп, алайып қарайтындай ата жауырымз ба еді?! Оның бар айыбы - біреудің отары болған халықтың ұрпағы болғандығы. "Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай дөңгелесе, артқы дөңгелегі солай дөңгелейді", алдыңғы буынның тілі, ділі, діні қыспақта болған соң, оның баласына барып қандай мін тағып, жамандауға келеді, ойланып қарасаңыз.

Ел болып, етек-жеңіміз жиналып келе жатқанда, қайтадан басқа арнаға бұрып, көш-керуенді адастырмақ болып жатқандардың ісі - бұл. Сондықтан, өз қандасымызды бөтенсу, күндеу - ұлттың тағдырына балта шабу.

"Кең қолтық халық" деген атақ алып, өзгелерді - ағайыным деп жатқанда, "тілі мүкіс" деп өзінен-өзі жеркенгені - қазақтың қай сасқаны?! Баласы қанша маскүнем болып кетсе де, әкесі "ұрпағымның жалғасын жалғайды" деп ұлын құшырланып жақсы көрмей ме?! Керемет ақ пейіл, жылы жүректі болып бара жатса сөйлеу білмей жатқан қандасына анадан дарыған тілін үйретсін, қазақтың қандай дархан екенін көрсетсін. Сөгіп, аяққа таптап, өз өкілінен безінсе ұлттық берекесінен не сау-тамтық қалмақ?!

Ұлттық емес, адами көзқараспен қарасаңыз ұнатпайтын адамыңызбен жүздескен сайын тайталаса берсеңіз, арада қайдан бітім, келісім болады? Одан да жөнге келіп, қисынын тапсаңыз, ол да доғарылады емес пе?! Мынау да дәл сондай жағдай болып тұр... Бастысы - бақ-береке, бірлік болып, қазақтың мәртебесінің түспеуі.

Азамат Мәуленұлы

Қатысты Мақалалар