Әлеуметтік желіде "учаскелік полицей болып жұмыс істейтін бауырым қызмет барысында шатырдан құлап, ауыр жарақат алды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтан көмек сұраймын" деген әйелдің бейнеүндеуі таралып жатыр.
Бейнеүндеудегі әйелдің айтуынша, оқиға 28 ақпанда Алматы қаласы Алатау ауданы Зерделі ықшамауданында болған. Құрылысы бітпеген үйлердің төбесінде балалардың ойнап жүргені туралы ақпарат алған кезекшілікте болған учаскелік полиция қызметкері Халмырзаев Темірбек балаларға төменге түсуін, бұл ойнайтын алаң емес екенін түсіндірген. Алайда қызметтік міндеттерін атқару барысында өзі жоғары қабаттан құлап, бүгінде ауыр халде жатыр.
"Соған байланысты, сізден Бақытжан Сағынтаев мырза, қандай дәрігер мамандардың көмегі қажет екенін анықтап, өміріне араша түсуіңізді сұраймын. Артында 3 баласы, аяғы ауыр әйелі, 80 келіп қалған қарт анасы Алладан аман қалуын тілеуде. Сондай-ақ бірнеше жылдан бері үйді бітірмеген құрылыс мекемесі басшылығын жауапқа тартуыңызды сұраймын. Тұрғындардың айтуынша, осы мекенжайда бұған дейін бірнеше адам құлап мерт болған. Осыған бейжәй қараған Алатау ауданы әкімін және оған жауапты тұлғаларды жауапқа тартуыңызды өтінемін" делінген әйелдің бейнеүндеуінде.
Алматы қаласы полиция департаменті ювеналдық полиция қызметкері 16-17 жастағы жасөспірімдермен профилактикалық әңгіме барысында аяғы тайып, төменгі қабатқа құлап кеткенін растап, оның жағдайы туралы мәлім етті.
"Бүгінде полицейге ота жасалды, алайда оның жағдайы әлі де ауыр. Кәмелетке толмағандардың ата-анасына әкімшілік кодекстің 127-бабы (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша хаттама толтырылды. Жасөсіпірімдер зардап шеккен жоқ" делінген департамент хабарламасында.
Пікір қалдыру