Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қаладағы эпидахуал туралы баяндады.
– Қазіргі ахуал күрделі. Бірақ қыстан бері жасаған дайындығымыз қазіргі жағдайдан өтуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде 7 011 төсек-орын бар. Бос төсек-орын саны 44,9 пайыз (2 520 орын). Жансақтау бөліміндегі төсек-орындардың 62 пайызы бос. Сондықтан барлық жағдай Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымының қолында, мәселе күнделікті бақылауда. Алаңдататын проблема жоқ. Себебі бәрі ауруханаға дер кезінде жатқызылып жатыр. Олардың саны 250-270 шамасында, 500-ге жеткен жоқ. Сондықтан қазіргі таңда локдаун, қаланы жабу деген әңгіме жоқ, – деді ол.
Сондай-ақ Бекшин Рамазан айы қарсаңында тұрғындарға үндеу жасады.
– Біз қасиетті Рамазан айының қарсаңында үндеу жолдап жатырмыз. Естеріңізде ме, былтыр ауызашар кезінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны артқан болатын. Осыны ескеріп биылғы Рамазан айында біздің азаматтарымыз ұжымдық іс-шараларды, соның ішінде үйге қонақ шақыруды азайтуларын сұраймыз, – деді бас санитар дәрігер.
Пікір қалдыру