Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Хабар24 телеарнасына берген сұхбатта мемлекет басшысының 2 жылда отандық журналистермен бетпе-бет отырып әңгімелеспеуінің себебін түсіндірді.
Берік Уәлидің айтуынша, президент сұхбаттасқанан гөрі іске ден қойып, тапсырмалар беріп, соның орындалуын қадағалағанды жөн санайтынын, министрлер мен әкімдерден, агенттік басшыларынан жұмыстың жүзеге асу барысын талап етуге баса мән беретін жеткізді. Десе де алдағы уақытта телевизиялық форматта сұхбат ұйымдастырылатынын атап өтті.
Сондай-ақ ол халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы жайлы айта келе әлеуметтік желідегі парақшаларын президент өзі жүргізетінін, сол арқылы қоғамда қызу талқыланған көптеген мәселеге тікелей тапсырма бергенін айтты.
Қ.Тоқаев президент болған 2 жылдан астам уақытта германиялық Deutsche Welle телерадиокомпаниясына, ресейлік ТАСС агенттігіне, "Комсомольская правда" басылымына, "Мир" телекомпаниясына, Bloomberg халықаралық ақпарат агенттігіне, қытайлық CCTV телеарнасына сұхбат берген. Қазақстандық ақпарат құралдарының ішінде "Егемен Қазақстан" және "Айқын", "Ана тілі" газеттеріне сұхбаты жарияланған. Алайда жүзбе-жүз отырып отандық бірде-бір телеарнаға сұхбат берген жоқ. Мұны ел ішінде президенттің қазақ тілін жетік білмейтінімен байланыстырушылар бар. Ашық дереккөздерде президенттің қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін білетіні жазылған.
Пікір қалдыру