Nur Otan: келесі жылдың соңына дейін 400 жаңа мектеп салынады

/image/2021/04/21/crop-57_1_826x1101_whatsapp-image-2021-04-21-at-14.04.57.jpeg

Келесі жылдың соңына дейін 400 жаңа мектеп салынады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің алғашқы ұйымдастыру отырысында белгілі болды. Жаңадан құрылған кеңестің отырысында оның құрам бекітіліп, алдағы жылға арналған жұмыс жоспары анықталды.

Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңестің бірінші кезектегі міндеті – сайлауалды міндеттемелердің, соның ішінде үш ауысымды және апатты мектептер проблемасын шешу жөніндегі уәделердің іске асырылуын бақылау. Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейінгі тиісті Жол картасы әзірленді.

«Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденейдің айтуынша, биылдың өзінде 200 мектеп салу, бұдан бөлек тағы 1000 білім беру нысанын жаңғырту жоспарланған.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова атап өткендей, билеуші партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 800 мектепті пайдалануға беру жоспары жасалды. Олардың жартысы 2022 жылдың соңына дейін салынады.

Отырыс барысында кеңес төрағасы, мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ерекше назар аударуды тиісті ведомство өкілдерінің қаперіне салды.

– Мектеп құрылысына бөлінген қаражаттың жұмсалуын талдау барысында 18,6 млрд. теңге игерілмегені анықталды. Қолданыстағы заңнама бұған тыйым салмайтынына қарамастан, бірде-бір аймақ білім және ғылым министрлігімен қаражатты қайта бөлу туралы келісімге келмеген. Бақылау механизмдерін күшейту қажет, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Фото: Nur Otan партиясының баспасөз қызметі

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта мектептердегі тапшылық 265 мың оқушы орнын құрайды. Еліміз бойынша 137 мектеп үш ауысымда оқыса, тағы 34-і апатты деп танылған.

Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар әзірленді. Атап айтқанда, 800 жаңа мектеп құрылысын тиімді іске асыруды және бюджет қаражатын жұмсаудың тұрақты мониторингін қамтамасыз ету үшін «Nur Otan» партиясының орталық аппаратына ай сайынғы есеп беріп отыру, қоғамдық бақылауды күшейту, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ өңірлік және аумақтық кеңес мүшелеріне әрбір мектепке жетекшілік етуді бекіту.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Nur Otan» төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек билеуші партияның сайлауалды уәделерін іске асыруды қалай қамтамасыз етуге ниетті екенін айтқан болатын.

Оның айтуынша, елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, сондай-ақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында партияның қоғамдық кеңестерінің жұмысы жүйелі түрде қайта құрылымдалады.

Саяси кеңес бюросының шешімімен таратылған партиялық кураторлар институтының орына «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды. Осындай кеңестер өңірлік деңгейде де құрылған.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар