Мәжіліс отырысында палата спикері Нұрлан Нығматулин Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдан тұрғындар мен журналистердің вакцинация туралы сұрақтарына нақты жауап беруін сұрады.
Нұрлан Нығматулин Алексей Цойдан вакцинаның екі компонентімен вакцинацияланған адамдар саны бойынша сұрады.
– Журналистермен кездескенде халыққа қолда бар нақты сандарды айтыңыз. Ал мынау эквилибристика бәрін шатастырды. Сіз екінші доза 21 күннен кейін егіледі дедіңіз. Ал кей орынбасарларыңыздың бірі 90 күн дейді. Ал қазір сіз ең көп дегенде 45 күн деп отырсыз. Бәрін шатастырып жібердіңіз! Біз халықаралық стандарт аясында жылжып келеміз. Сондықтан тым болмаса вакцинацияны дұрыс ұйымдастырыңыздар. Бір ақпарат шықса, ал кейін басқа қызметкеріңіз басқасын айтады. Жұрттың басын қатырмайық. Егер де екі доза болса, екеуін де салдыру қажет. 15 күннен кейін антиденелер қалыптасады деген – ақталу Алексей Владимирович. Екі дозаны алған адам ғана вакциналанған болып саналады. Міне, соларды есептеу керек – деді Нығматулин.
Бұған дейін министр елге 2,3 млн доза вакцина жеткізілгенін, 1,4 млн адамға вакцинаның бірінші компоненті егілгенін хабарлаған. Бүгінде вакцинаның екінші компонентін 347 мың адам салдырды.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы вакцина азаматтарға ерікті түрде салынатынын және вакцинация жеткілікті қарқынмен жүріп жатқанын жеткізді.
– Вакцинанцияның екінші компоненті 21 және ең көбі 45 күннен кейін салынады. Бірінші компонентті салдырғаннан кейін антиденелер 15 күнде пайда болатынын түсіну қажет. Жеткізудің нақты кестелері бар. Біз өңірлермен жұмыс істейміз. Кеше 117 мың адам вакцина салдырды. Тұрғындар көптеген танысы вакцина салдырып жатқанын көріп, ешқандай да асқыну жоғын байқауда. Азаматтардың белсенділігі артып келе жатқанын байқап отырмыз, – деп жауап берді Цой.
Пікір қалдыру