2018 жылы ЭКСПО-ға 35 млрд бөлу – жымқырылған қаражаттың орынын толтыру ма?

/uploads/thumbnail/20170708194234955_small.jpg

ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов 2016-2018 жылдарға арналған бюджеттік жоспарлау туралы презентация барысында ЭКСПО-2017 көрмесіне 2018 жылы бөлінетін 35 миллиардқа қатысты наразылық білдірген. Бұл туралы «Қамшы» порталы today.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Жақында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов парламент қабырғасында 2016-2018 жылдардағы бюджеттік жоспарлау туралы презентация жасаған болатын. Онда ЭКСПО-2017 көрмесіне 2018 жылы 35 миллиард теңге бөлінетіндігі айтылған.

Розақұл Халмұрадов, Мәжіліс депутаты:

-Сіздің алдыңғы баяндамаларыңызда ЭКСПО– 2017 көрмесіне 2016 жылы мемлекеттік бюджеттен 173 миллиард теңге бөлінеді делінген. Ал 2017 жылы аталмыш көрмеге 98 миллиард теңге қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық көрменің құрылыс жұмыстары 2016 жылы аяқталуы тиіс. Ендеше 2018 жылы не үшін 35 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отырсыздар? Бұған не себеп? Сонда бұл жымқырылған қаржының орнын толтыру ма? Егер 2017 жылы көрме өтетін болса, жыл аяғында аяқталады деген сөз. Ондай болса қосымша 35 миллиард теңге не үшін бөлінбек?

Ал депутаттың сұрағына жауап беруге тырысқан қаржы министрі ЭКСПО–2017 көрмесінің маңызы туралы сөз ете отырып, 2018 жылы бөлінетін қаржылар павильондарды әзірлеуге жұмсалады деп түсіндірген.

«Бұл бір жылға арналған жоба емес. Өздеріңіз көріп отырғандай келесі жылы 173 миллиард теңге негізгі құрылысты аяқтауға жұмсалады. Ал 2017-2018 жылдары қосымша жұмыстар, павильондарды әзірлеу сияқты маңызды жұмыстарға да қаражат керек. Құрылыс аяқталғаннан кейін де жасалатын жұмыстар бар екенін ұмытпаңыздар»,-дейді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Көп жағдайда бюджетте қарастырылған қаржылардың жоғарыда аталған жұмыстарға тиісті сараптаулардың қорытындыларымен жоспарланбай, билік өкілдерінің немесе депутаттарының беделі мен белсенділігінің нәтижесінде, дәйексіз көрсеткіштерге орай  бөлінетінін теріске шығаруға болмайды.

35 миллиардтың жыры мен сыры ұзақ уақытқа дейін айтылатыны түсінікті. Бюджет қаржысын май шелпектей шүйіркелеп жатқандарға қашан тосқауыл болады деген жауыр болған сұрақ тағы да ойға оралады.

Күшті мен тістіні ғана танитын қатыгез нарыққа қаржылық қиындық  «басқан ізі сықырлай» төніп келгенде кең тұсау тірлікке үйренген халық қаржыны үнемдуі тиіс емес п е еді?! Мемлекет басшысының өзі бас болып үнемдеу саясатын  қолға алғаны қайда қалды? Барымыз бен бағланымызды көрсететін мемлекеттің бас тойы – Қазақ хандығының 550 жылдығына да қаржы бөлуде біраз әбігерге салынған еді. Тіпті Қазақ хандығының сериалына да қаржы жеткіліксіз деген сылтаумен түсірілім жұмыстары тоқтап қалған еді. Ал билік өкілдерінің өздері халықтан жылу жинағанда беттері бүлк етпеген еді. Ал ЭКСПО-2017 жылы өтетін халықаралық көрмеге мемлекет қаржысынан 173 миллиард, кейін 98 милииард теңге  қосымша бөлінетініне де мыңқ етпедік. Ал 2018 жылы көрме аяқталғаннан кейін де ЭКСПО-ға деп 35 миллиард теңге бөлуді қалай түсінуге болады? Депутат Розақұл Халмұрадовтың сөздерінің жаны бар екені сөзсіз. Депутат мырза «2018 жылы не үшін 35 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отырсыздар? Бұған не себеп? Сонда бұл жымқырылған қаржының орнын толтыру ма?» деген болатын. Иә, не болса да бөлінген қаражат игерілмейтін болса, бірінші басшылар жауапқа тартылатыны түсінікті. Ал министрліктегілер мен Ұлттық компания басшылары бұған жол бермеудің барлық амал шарғыларын жасап бағатыны да рас. Депутат наразылық танытып баққанымен, министр мырс етпеді де. Иә, осы жерде тағы да парламенттің пәрменсіздігін айта кету жөн болар. Сонда қалай жұмсауды жөн деп тапса, солай жұмсай беретіндей бюджет биліктің қалтасындағы қаражат па? Түсініксіз...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар