Алматы облысына қарасты Көкқайнар ауылының тұрғындары балаларының мүлдем қолайсыз жағдайда білім алып жатқандарын айтып, наразылық білдірген. Көкқайнардағы мектептің тұрғызылғанына биыл 60 жылдан асқан, не асханасы, не киім шешінетін бөлмесі, не жаттығу залы жоқ бұл мектепке ауылдық округ басшылары жөндеу жұмыстарын жүргізбеген-мыс. Бұл туралы «Қамшы» порталы КТК арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Көкқайнар ауылындағы мектепте қазір 200-ден астам бала үш ауысымда білім алуда. Ата-аналардың айтуынша, балалар бір партаға үш-үштен отырып жүр.
Көкқайнарлық мектеп 1950-жылы бой көтерген. Мектеп ғимаратында ауыз су, жаттығу залы, медпункт және киім шешінетін бөлме мүлде жоқ. Ал дене шынықтыру сабақтары сыныптың ішінде өткізілетін көрінеді.
Шамаммен 15 жылдан бері жергілікті тұрғындар мектеп мәселесін шешіп беруді өтініп әкімдіктің табалдырығын тоздырғанымен, нәтиже жоқ.
«Балалар бір партаға үш-үштен отырады. Сонда олар нені үйренеді? Олар қалай жазып, қалай оқиды онда? Қазір тағы бір сәрі.Ал күз, қыс мезгілдерінде тіпті мүмкін емес мұнда кіру. Едендері көгеріп кеткен. Бұл балалардың денсаулығына да зиян ғой»,-дейді ата-аналардың бірі Марина Грибок.
Тұрғындар шағымдарын аудандық әкімдікке де жеткізгенімен, ондағылар құрғақ уәдемен қайтарған. Жергілкті тұрғындармен кездесуге әкімдік өкілдері келмейді де. Ал әкімшіліктегілер ауылдық мектептер мәселесін баяғыда-ақ шешіп тастағанбыз дейді.
Аудан әкімдігіндегілер «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2016-2017 жылдарға арналған жоспар дайын. Онда әуелі Жапек батыр ауылында және Көкқайнарда мектеп құрылысы басталады деп көрсетілген. Жаңа мектеп 200 орынға шақталғанымен онда дәретхана, асхана, медпункт және т.б. жабдықталады дейді әкімдіктегілер.
Нұрзат Тоғжан