Мамай Байбекке қарсы сараптама қорытындысы, куәгерлер әзірленіп жатқанын айтты

/image/2021/06/04/crop-47_6_667x1186_mamay.jpg

Бауыржан Байбек – Жанболат Мамай сот процесінде Мамай Байбек талап арызында тұрғылықты мекенжайы ретінде өзінің нақты тұратын үйінің мекенжайын емес, NurOtan партиясы кеңсесінің мекенжайын көрсеткенін айтты.

Белсенді мұның себебін Бауыржан Байбектің зәулім сарайда тұратынымен, оны көрсете алмайтынымен түсіндірді.

Ж.Мамай сондай-ақ Б.Байбек өзінің бизнесін отбасы мүшелеріне – қарындасы, ата-анасының атына жазып қойғанын, ол кәсіпкерлік нысандар мемлекеттік тапсырысты орындап отырғанын атап өтті.

Осы сәтте судья белсендінің сөзін бөліп, Мамайдың айтып жатқандары дау тақырыбына сәйкес келмейтініне назар аударып, Байбектің талап арызындағы нақты мәселелер бойынша сөйлеуге шақырды. Мамай болса, айтып жатқандары өзінің бұған дейінгі айыптауларын дәлелдеуге тікелей байланысты екенін, тақырыптан ауытқымағанын жеткізіп, сонымен қатар судья Байбек өкілінің сөзін бөлмей, өзін қайта-қайта тоқтата бергеніне наразылық білдірді.

Мұнан соң белсенді Байбектің туыстарының кәсібі туралы жалғастырып, Айгүл Байбек (Бауыржан Байбектің әпкесі) құрылтайшылық ететін "Aray Media Group" компаниясы "Дос-Мұқасан" тобы туралы фильм түсіру үшін киноны дамыту қорынан екі келісім-шарт бойынша 425 миллион теңге қаржы алғанын жемқорлық әрекет деп атайды.

Байбектің өкілі бұл қаражат екі келісім-шарт емес, бір келісім-шарт аясында екіге бөлініп берілгенін мәлім етті.

Мұнан соң Жанболат Мамай Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жерлердің сатылуына, Көкжайлаудағы ағаштардың заңсыз оталуына Бауыржан Байбектің қатысы бары туралы айтып, алғашқы мәселе бойынша жер мәселелері жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек арнайы сараптама әзірлеп жатқанын, екінші мәселеге қатысты журналист Вадим Борейконы кезекті сот отырыстарына куә ретінде шақыру туралы жазбаша өтініш түсіргенін мәлім етті.

Сондай-ақ ол Бауыржан Байбек Алматы қаласын басқарып тұрған шақта Қытайдан автобус сатып алу ісінде жемқорлық әрекеттерге жол берілгенін, ол бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, бұған экс-әкімнің қатысы барын айтты.

Ал Бауыржан Байбектің мүддесін қорғап жатқан заңгер Айжан Тәшенова ерлі-зайыптылардың сөзі мен ісі өмірде қабыспайтынын Ж.Мамай әр сөзінде еуропалық және халықаралық стандарттарды мысалға келтіретіні, сөз бостандығы, заң үстемдігі туралы жиі айтатыны жай ғана бетперде екенін айтқан.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар