Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда "Алтын жүрек" ескерткішінің ашылу рәсімінде дәрігерлерге көтерілген жәрдемақы төлеуді және басқа да жеңілдіктер жайлы айтты. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Тоқаев пандемия кезінде мемлекет тарапынан дәрігерлер мен жалпы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған ынталандыру шаралары топтамасы қабылданғанын атап өтті.
– Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге төленетін тек үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін 180 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет биылғы қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін осы мақсатқа қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі. Біз дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастадық. Бұл үрдіс жалғаса береді, – деді мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құрудың маңызына назар аударды.
– Бұл жүйеде ауылдық жерге келген мамандарға міндетті түрде тұрғын үй беру, біржолғы жәрдемақы төлеу және басқа да жеңілдіктер қамтылған. Мұндай шаралар облыстар мен қалалар әкімдерінің белсенді атсалысуымен еліміздің барлық өңірінде қабылдануға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент тек қаржылай ынталандырудың жеткіліксіз екенін айтты.
– Медицина қызметкерлерінің моральдық және заңдық жауапкершілігі артып келеді. Азаматтар тарапынан қойылатын талап та жоғары. Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартуда. Өкінішке қарай, бұл алаңдатарлық жағдай. Аталған үрдіс елімізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондай-ақ бүкіл әлемде бес миллионнан астам дәрігер жетіспейді. Осы орайда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады, – деді ол.
Президент медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері" атағын енгізуді ұсынды. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Оның көлемін үкімет белгілейді.
Пікір қалдыру