Вице-министр, үш судья, бірнеше әкім және мен олардың орынбасарлары жемқорлық фактісімен ұсталған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Марат Ахметжанов 6 айдағы көрсеткіштерді мәлім ету барысында айтты.
– Жедел-тергеу жұмысы аясында 6 айда 658 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 61-і республикалық және облыстық деңгейдегі басшы, оның ішінде вице-министр және үш судья бар. 7 өңірлік әкім мен олардың орынбасарлары әшкереленді. Басшылардың жауапкершілігін күшейту үшін 33 лауазымды тұлға жазаланды, олардың үшеуі жұмыстан шығарылды. Бюджетке 15 миллиард теңге қайтарылды. Бизнес істеріне заңсыз араласудың 60 жағдайы және көлеңкелі экономика субъектілеріне "қамқорлық жасаудың" 45 дерегі тіркелді. Жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 61 фактісі анықталды, – деді Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар "Семей орманы" резерватының бас директоры және оның екі орынбасары бастаған қылмыстық топ қызметі тоқтатылған. Қазіргі уақытта барлық үш басшы қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр.
Пікір қалдыру