Павлодар облысында тәртіптік жазаға тартылған әкімдер қайта сайлауға түспек

/image/2021/07/12/crop-153_1_653x871_77777.jpg

Павлодар облысы Екібастұз ауылдық округіне қарасты бес ауылдың әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан алдағы сайлауға қатысуға рұқсат алған. Бұл туралы kerek.pv instagram парақшасында хабарланды.

Парақшадағы жазбада журналист пен аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сансызбай Төлеубаев екеуінің әңгімесі жарияланған. 

Журналист Сансызбай Төлеубаевтан "ауылдық округке қарасты бес ауыл әкімі алдағы сайлауға қатыса ма?" деп сұрайды. Сансызбай Төлеубаев бірнеше жыл қызмет еткен әкімдерді сайлауға жібермеу дұрыс болмайтынын, сондықтан Екібастұз ауылдық округіндегі бес әкімге сайлауға түсуге мүмкіндік берілгенін айтады.

Журналист жуырда ғана тәртіптік жазаға тартылған әкімдер қалай ғана сайлауға қатыстырылғалы жатқанына таңданыс білдіріп, мұның себебін түсіндіруді өтінеді.

Сайлау комиссиясының төрағасы әкімдердің сайлауға қатысуға жіберілуі заңға қайшы емес екенін, мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік рұхсат бергенін жеткізген. 

Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 жарлығына сай, мемлекеттік қызметке нұқсат келтірген әрекеті үшін соңғы үш жылда тәртіптік жауапкершілікке тартылған азамат мемлекеттік қызметке тағайындалмауы керек.

Әлеуметтік желідегі жазбада сайлауға түскелі отырған бес әкім "Еңбек" бағдарламасын жүзеге асыру барысында заң бұзушылыққа жол бергені үшін тәртіптік жазаға тартылғаны, олардың кейбірі ауылдық елдімекенді 8 жылдан бері басқарып келсе, бірі 21 жылдан бері қызметінде отырғаны айтылады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар