Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұсылман жамағатын Құрбан айт мейрамымен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
– Бұл – қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен имандылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін ұлық мейрам.
Салт-дәстүрімізбен берік ұштасқан ата дініміз – елдің рухани тұтастығын сақтауға ықпал ететін басты құндылықтың бірі, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев өз сөзінде Құрбан айт қашанда барша жұртты береке-бірлікке үндейтінін бүкіл халықтың ырыс-ынтымағын арттыратынын атап өтті.
– Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады. Осындай ізгі ниет пен сауапты іс ел-жұрттың бір-бірімен етене араласуына, өзара сыйластық пен жақсылыққа жол ашады.
Құрбан айттың ұлағаты мен өнегесі біздің рухани құндылықтарымызбен үндеседі. Бүгінгі мерекенің мән-маңызы осында деп білемін.
Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын, – деп сөзін түйіндеді президент.
Пікір қалдыру