2 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды қаласында шектеу шаралары қатаңдатылады. Аталған 5 өңір тек Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейді. Ал демалыс күндері барлық кәсіпорынның жұмысы тоқтатылады. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті.
– Ashyq жүйесі бойынша жұмыс істейтін мейрамхана, ойын-сауық орталықтары, сән салондары сынды кәсіпорындар сағат кешкі 20:00-ге дейін, ал аталған жүйені жауапты түрде жүргізіп, келген азаматтарды тіркеп, чек беретін мекемелер сағат түнгі 22:00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал 9 тамыздан бастап, эпидемиологиялық ахуал жақсарса, аталған мекемелердің жұмысы 22:00-ге дейін және тәулік бойына жұмыс істеуге дейін ұзартылады. Сонымен қатар Ashyq жүйесін жауапты пайдаланушыларға демалыс күндері де жұмыс жасауға жеңілдіктер қарастырамыз, – деді ол.
Мырзахметовтың сөзінше, бұл шаралар кәсіпкерлерді Ashyq жүйесін жауапты жүргізуге ынталандыру үшін жасалып отыр. Бүгінде Ashyq қосымшасын жауапты пайдаланушылардың саны мыңға жуықтаған.
Пікір қалдыру