Ел мерейін асқақтатар ұлттық жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2013 жылғы желтоқсандағы № 250 өкіміне сәйкес жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп келеді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған шара. Байқау жылдың басында жарияланып Отбасы күніне орай қорытындыланады.
Байқауды өткізудің мақсаттары:
1) отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, ерлі-зайыптылықтың маңызын тану;
2) ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру;
3) отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуын дәріптеу, және кеңінен насихаттау;
4) қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.
Биылғы өңірлік байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан мұнай-газ, энергетика, білім, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, өнер, кәсіпкерлік салаларынан құралған 69 отбасы өтінімдерін берді. Байқауға көп балалы отбасылар мен жас отбасылар белсенді қатысуда.
Биылғы жылы байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан 14 отбасыға лауреат атағы берілді.
Өңірдің қызыл аймаққа енуіне байланысты, лауреаттарға қала және аудан әкімдері облыс әкімінің атынан арнайы диплом және ақшалай сертификатты табыстады.
Ақтау қаласы: Дүйсеновтер отбасы;Бегендіковтер отбасы.
Жаңаөзен қаласы: Ашықовтар отбасы;Аймұратовтар.
Бейнеу ауданы: Орақовтар отбасы; Әжібаевтар отбасы.
Маңғыстау ауданы: Қияновтар отбасы; Бекмурзиндер отбасы.
Мұнайлы ауданы: Қаратуриевтеротбасы;Тасқынбаевтар отбасы.
Қарақия ауданы: Мәтіковтер отбасы;Тәжібаевтар отбасы.
Түпқараған ауданы: Жүнбасовтар отбасы;Түлеумағанбетовтер отбасы.
«Мерейлі отбасы - 2021» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің қортындысыбойынша Маңғыстау облысынан атынан республикалық кезеңге Бейнеу ауданының Орақовтар отбасы жолдама алды.
Отағасы, Орақов Алуадин Орақұлы 1925жылы Гурьев облысы, Жылой ауданы, Аманкелді аулында дүниеге келген. Ұлы отан соғысының ардагері.
Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде Атырау облысы Жылой ауданының Аманкелді, А.И.Микоян, В.И.Ленин, Ворошилов атындағы колхоздарда 1944-1973 жылдар аралығында бухгалтер болып қызмет етті. 1959-1961 жылдары Ембі аудандық советінің депутаты, Ембі аудандық партия комитетінің тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланған. Кейіннен Маңғыстау өз алдына облыс болып бөлініп, Бейнеу ауданы құрылғанда Қарақұм кеңшарына бас бухгалтер болып тағайындалып, кеңшардың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне орасан үлесін қосқан.
Алуадин Орақұлы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан Соғысында Германияны жеңгені үшін медалі, ІІІ-дәрежелі «Даңқ» ордені, Курск шайқасындағы ерлігі үшін, «І-дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Ұлы отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл, 70 жыл» медальдары, ҚР және оның астанасының дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін «Астана 10 жыл», «Астана 20 жыл» медальдарының иегері. Бейнеу ауданының Құрметті азаматы.
Зайыбы, Орақова Сәндеш Қаржауқызы - 1930 жылы Гурьев облысы, Жылой ауданы, Аманкелді аулында дүниеге келген.
Сәндеш анамыз жас күнінен қолына ұршығын алып жіп иіріп, жүн түтеді, ою ойып текемет басқан. Көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері. 85 жасында өмірден озған.
Өнегелі отбасы 8 бала өсіріп, олардан 33 немере, 48 шөбере сүйіп отыр.
Аталған байқау биыл жетінші рет өткізілуде. 2015 жылы облыстық кезеңнің жеңімпазы атанған, 12 бала, 46 немере, 41 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты отбасы Құлсариевтер республикалық байқаудың Гран при иегері атанған болатын.
Пікір қалдыру