ҚР Парламенті мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті ҚР Мәжілісі вице-спикерін тағайындады. Ол әлеуметтік желіде «секіргіш-серке» атанып кеткен генерал-майор Абай Тасболатов.
«Сіздер оны жақсы білесіздер. Ол Абай Тасболатов»,-деді Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов мырза. Ал пленарлық отырысқа қатысушы депутаттар әдеттегі мақұлдағыштығынан танбай, бұл жолы да бір ауыздан Тасболатовтың кандидатурасын мақұлдады.
Бұл туралы «Қамшы» порталы total.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Әр жылдарда Абай Тасболатов мырза бөлімше командирлігінен республикалық гвардия қолбасшылығына дейін көтеріліп, түрлі мемлекеттік қызметтерде болған.
Абай Тасболатов кім?
Абай Тасболатов 1951 жылы СҚО бұрынғы Ленин ауданында дүниеге келген. РФ Әскери академиясының бас штабында жоғары академиялық курстан тәлім алған. Әскери атағы – генерал-майор. Тарих ғылымының докторы, профессор.
Еңбек өтілі?
И.С.Конев атындағы Алматы қалалық жалпы әскери училищесінің рота командирі болған(1973-1980). 1992-1997 жылдары аталмыш оқу орнының басшысы болады. Тасболатов Қазақстан Қарулы күштерінің әскери академиясының басшысы болып 1997-2002 жылдар аралығында қызмет еткен. 2006 жылы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары. 2011-2012 жылдары ҚР Парламенті мәжілісіне депутат болып Нұр Отан партиясының атынан түскен.
Алған марапаттары:
ҚР 2-дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері. Ең бастысы 2008 жылы «Тіл жанашыры» еркерткіш медальін алған.
Халық алдындағы масқаралығы
Депутат Абай Тасболатов өзінің әйгілі «секіргіштігінен» кейін аты таныла бастаған. Депутаттың этикаға мүлде қайшы бұл әрекеті әлеуметтік желіде дереу танымалдылыққа ие болып, қызу пікір-талас тудырған болатын. Онда депутат Тасболатов мәжілістің кезекті отырысына кешігіп келіп, дөңгелек үстелге секіріп мінген еді.Көпшілікті сыйламаған бұл әрекетіне өзге депутаттар қол соғып, өтірік күлгеннен өзге емеурін танытпады. Ал дәл сол кезде мектептерге электронды оқулық жүйесін енгізу мәселелері талқыланып жатқан болатын.
Ал осы оқиғадан кейін Тасболатовты сөзге тартқан журналистерге «сендердің басқа шаруаларың жоқ па?!» деп лепіріп тастағаны тағы бар.
Ал секірсе де, лепірсе де жоқ, көпірсе де өзі білетін Тасболатовтың беймәдени әрекетіне қатысты әріптестері Айгүл Соловьева «Бұл кішкене ғана еркелік. Бірақ әдепке қайшы» деген болатын. Ал каратист депутат Жамбыл Ахметбеков «Керек болса, жұмыс орнына отыру үшін мен «сальто» секіріп бере аламын. Ал осындай маңызды мәселе талқыланып жатқан кезде бұлай жасау мәдениетсіздік болды» дейді.
Ал, abai.kz сайтының жазуынша, тарих ғылымының кандидаты Жұмамұрат Шәмші мырза парламент депутаты, генерал-майор Абай Тасболатовты көріп қалып: -Ассалаумағалайкум, Әбеке, қалыңыз қалай?—десе, ол кісі «Елбасының арқасында» деп жауап берген-мыс.
Қазіргі заманның генералы баяғы заманның батырылары сияқты арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты болмас па еді?..
Жалпы, бодандықта көп болған ел жалтақ, тайғақ, көнгіш болатынын италияндық ғұлама Николо Макиавелли айтқан екен. Дәл айтса керек-ті.
«НұрҚазақстанда» атқарылған кез келген болмашы істердің барлығын Елбасының есімімен байланыстыру бүгінгі күннің басты –модасына айналып кеткені де жалған емес.
Түйін: экс-депутат, вице-спикер Дариға Нұрсұлтанқызы әкесінің жарлығымен Вице-премьер-министр лауазымына көтерілгеннен кейін мәжілістегі орынтақ босап тұрғаны белгілі. Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов өзінің көмекшісі етіп басқа-басқа емес дәл осы Тасболатовты таңдағанының астарында не жатыр? Біріншіден – генерал-майор, әскери тәжірбиесі жеткілікті. Екіншіден – профессор, тарихты жетік білетін ғылым докторы. Халықтың арасында «секіргіш - серке» атанып кеткен Абай Тасболатов мырза вице-спиркер болғанда не өзгереді, не өзгермейді? Онсыз да әдеп дегеннен әдіре депутаттар мен шенеуніктер аз ба еді? Бізге не келіп, не кетіп жатыр, дейміз ауыр күрсініп...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру