Шымкентте инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті

/image/2021/08/23/crop-74_12_695x927_112507646900.jpg

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралып, атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Жиында жаңа жобалар мен олардың өзекті мәселелері, негізгі капиталға салынған инвестициялардың 7 айда орындалуы мен алдағы жоспарлар, «Өңірлік брендтерді дамыту» жобасы аясында шағын және орта бизнесті дамыту, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандары әкімдіктерінің инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстары талқыланды.

Жиында алдымен Zoom жүйесі арқылы инвесторлар 9 жобаны ұсынды. Көмірқышқыл газын қайта өңдейтін «PET» ЖШС, «SLT» көкөніс және жемісті қайта өңдеу, «Selena Group» құрғақ қоспалар дайындау, «ЮжСтройСервис» қоймалар өндірісі құрылысы, «Казахстанская нефтехимическая Компания Кемикал» ЖШС, «Шымкент құс» ЖШС, «Керемет Сапа» ЖШС көкөніс сақтау, «Prestige House» ЖШС-ның көпқабатты тұрғын үй жобасы және «Самрұқ» спорт кешенінің құрылысы таныстырылды. Алдағы ақпараттарда жаңа жобаларға жеке-жеке тоқталып өтеміз.

Инвестициялық штаб отырысына басқарма басшылары, аудан әкімдері және Zoom жүйесі арқылы инвесторлар қатысты.

Оған қоса, Шымкент қаласының Инвестициялық штабтың кезекті отырысында қаладағы шағын және орта бизнестің даму мәселелері талқыға түсті. Атап аййтқанда, бұл бағытта «Өңірлік брендтерді дамыту» жобасы, «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы бойынша ұсыныстар айтылды.

Аталған жобалар бойынша қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков баяндады.

Кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, бүгінде «Бастау Бизнес» курсын бітіргендерге қолдау жеткілікті. Оларға негізінен үш бағытта – өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету, агроөнеркәсіп кешені бойынша түрлі жеңілдіктер ұсынылуда.

Шаһарда шағын және орта бизнестің тиімділігін арттырудың кешенді шешімдері қолға алынуда. Соның бірі – кіші индустриалды аймақтар құру. «Бастау Бизнесте» оқыған кәсіпкерлерге кіші индустриалды аймақтан орындар ұсынылуда. Басты артықшылықтары – дайын сауда орындары, жеңілдік шарттарымен жалға алу және инфрақұрылымның қолжетімділігі.
Сондай-ақ, өңірлік брендтерді дамыту аясында франшиза жобаларының тиімділігін арттыру көзделуде. Франшиза – дайын бизнес. Онда кәсіпті толық сүйемелдеу мүмкіндігі бар.

Штаб отырысында шағын және орта бизнесті дамытуда «Іскер қала» өңірлік бағдарламасын қабылдау, өңірлік бағдарлама қорын қалыптастыру бойынша қаржы көздерін қарастыру, «Бастау бизнес» курсын жергілікті бюджеттен қаржыландыру бойынша ұсыныстар талқыланды.

Жалпы 2021-2023 жылдары күтілетін нәтижелерге тоқталып өтсек. Қалада 1000 сауда нүктесімен өңірлік 50 брендті қалыптастыру (3000 жұмыс орны), 500 жеке кәсіпкерлік нысаны бойынша 4 кіші индустриалды аймақ құру (2,5 мың жұмыс орны) жоспарлануда. Сонымен қатар, 30 кооператив ұйымдастырып, шаруа қожалық санын 600-ге жеткізу назарда. Жұмыс орнының саны – 1,5 мың.

Айта кетсек, бүгінде шаһарда 69,5 мың шағын кәсіпкерлерік нысандары жұмыс істейді: Абай ауданында – 24 177, Әл-Фараби ауданында – 16 551, Еңбекші ауданында – 16 151 және Қаратау ауданында – 12 651 нысан бар.

Белсенді шағын және орта бизнес нысандарының санын биыл 71 мыңға жеткізу көзделген. Ал 2023 жылы 83 мыңға жеткізу жоспарда. Биыл қаңтар-наурыз айында 222,1 млрд теңгенің өнімі шығарылған.

Инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа жобалар мен жобалардың өзекті мәселелері қаралды. Zoom жүйесі арқылы инфесторлар өз жобаларын ұсынды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс саласы, құс шаруашылығын дамыту бойынша және әлеуметтік нысандар құрылысы, жалпы 9 жоба таныстырылды.

Атап айтқанда, «РЕТ» ЖШС көмірқышқыл газын қайта өңдейтін кәсіпорын салуға ниетті. Жоба құны – 3,5 млн АҚШ доллары. 2022-2023 жылдарға жоспарланған жоба тәулігіне 40 тоннадан астам көмірқышқыл газын қайта өңдеуге қауқарлы.

Жеміс және көкөністерді қайта өңдеуге маманданған «SLT» кәсіпорны 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Өндіріс орны сағатына 3 тоннадан астам жеміс және көкөністерді қайта өңдемек. Құрал-жабдықтар Түркия, Бельгия, Германия және Италиядан әкелінеді. Қазіргі уақытта келісімдер жүргізілуде.

Ал «КЕРЕМЕТ-САПА» ЖШС көкөніс сақтау бағытына маманданған. Жоба құны – 500 млн теңге. Алтынтөбе тұрғын алабында құрылыс үшін жер телімі дайын.

Selena Group (Польша) компаниясы құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар өндірісі жобасын ұсынды. Жоба құны – 3 млрд теңге. Жеке кәсіпкер өндірісті 2021-2022 жылдары іске асыруды жоспарлап отыр. Оған қажетті жер телімі – 2 га. Жұлдыз индустриалды аймағынан жер телімін беру көзделуде.

«Шымкент құс» ЖШС құс ферманың құрылысы үшін 3 гектар жер телімі қажеттігіне назар аударды. Жылына 60 млн дана жұмыртқа өндіретін кәсіпорынның жоба құны – 1 200 млн теңге. 30 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ. Бүгінде жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, ФК «Самрук» жеке кәсіпкерлігі «Самрұқ» спорт кешенінің құрылысын салуды жоспарлауда. Оған сәйкес, мини-футбол алаңдарын ашу, жағажайдағы мини-футбол, ашық манеж, ауқымды спорттық іс-шараларды өткізумен қатар, бокс, күрес, шахмат, үстел теннисі, гимнастика, балет, каратэ және тағы басқа спорт түрлерін дамытуды көздеуде. Жоба құны – 1 млрд теңге. Жобаны 2021-2025 жылдары іске асыруға ниетті. Оған 4,0 га жер телімі қажет.

Сондай-ақ, штаб отырысында «ЮжСтройСервис» ЖШС-ның қоймалар өндірісі, «Казахстанская Нефтехимическая Компания КЕМИКАЛ» ЖШС-нің полимерлер өндірісі және «Prestige House» ЖШС-нің көпқабатты тұрғын үй жобасы таныстырылды.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар