Шымкентті сарышаяндар қаптай бастады. Қала тұрғындары үйлерінде және аулаларында осы бір шаянтәріздес жәндікті жиі кездестіретінін айтады. Осы айдың өзінде сарышаян шаққан 39 адам дәрігерге жүгінген, оның 13-і балалар. Төртеуі орташа ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Бұл зиянкестерге қарсы уландыру жұмыстары арзанға соқпайды екен.
Соңғы кезде біздің үй жағымызда шаяндар көбейіп жатыр. Көршілерден де сұрастырдық. Иә, бар дейді. Өткенде сол немерелер, балалар ойнап жүріп көріп қалған екен. Тарақан, тарақан деген соң, мен оны тарақан емес, естігенім бойынша емес, көзімізде көрген ғой шаян екенін. Қорқамыз далаға шығуға, балаларымыз да далада ойнайды, сыртта ұйықтаймыз. Күні бойы сыртта жүреміз ғой, балалар бақшаға кіреді бірдеңе жұлып жеуге. Кімнен көмек сұраймыз, білмейміз.
Сарышаяндармен күресуге дезинфекция қызметі көмектеседі. Араға 5-6 күн үзіліс сала отырып, оларды улау жұмысымен айналысады. Мұндай қызметтің бағасы жеке үйдің ауласының шаршы метрі үшін 150 теңгеден, ал тұрғын үйді өңдеу бағасы 430 теңгеден басталады. Мамандар сарышаяндарды бірнеше үйде уландыру тиімді дейді.