Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан зардап шеккендер саны 32 адамға жетті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы нысанның жанында Байзақ ауданының Үшбұлақ (120 тұрғын), Жібек жолы (500 тұрғын), Қайнар (85 тұрғын) елді мекендері орналасқан, олар қазіргі уақытта эвакуацияланған.
Өртті сөндіру үшін ТЖД-нің 12 техникасы мен 42 қызметкері, сондай-ақ әскери бөлімнен 8 қызметкер мен 2 техника жұмылдырылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында Қорғаныс, төтенше жағдайлар министрлері, ішкі істер министрінің орынбасары Жамбыл облысына ұшып кеткенін хабарлады.
– Жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылданды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 30-ға жуық қызметкері мен әскери қызметшілер жарақат алды, – деп жазды Тоқаев.
Оқиға орнына министрдің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаевтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілген.
Өртті толық жою бойынша жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. ТЖМ, ІІМ бөлімшелері жұмылдырылды. Теміржол қатынасы уақытша тоқтатылды.
Бүгін шамамен 19.00-де Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде қоймалардың бірінің жанында өрт шығып, соның салдарынан белгісіз заттар жарылған. Әлеуметтік желіде снарядтар жарылып жатқан видеолар таралуда. Тараз қаласы тұрғындарының айтуынша, жарылыс даусы әлі де істіліп жатыр.
Пікір қалдыру