Жақында Мәскеу мешітінің ашылу салтанатында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин қазіргі Ресей тек қана Кеңес одағының мұрагері емес екендігін айтқан. Бұл туралы «Қамшы» порталы ресейлік «EADaily» сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
РФ Президенті Владимир Путин Мәскеу мешітінің ашылу салтанатында қазіргі Ресей тек Кеңес одағының ғана емес, Алтын орданың да тікелей мұрагері деп мәлімдеген. Сондай-ақ, президент мырза Ислам діні Ресей аумағында мемлекеттік дін екенін айтқан.
Мәскеудің қақ төрінен мешіт ашқан, дәлірек айтсақ, ескі мешітті күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізгеннен кейін пайдалануға беру салтанатына Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған мен Палестина Президенті Махмуд Аббас та қатысқан болатын. Салтанатты шара барысында әуелі Ресейдің бас мүфтиі Равиль Гайнутдин Ресейдің Алтын орданың тікелей мұрагері екенін айтқан, артынша президенттің өзі де мүфтидің сөзін қостаған.
Ресей Президентінің осы жолғы мәлімдемесі шын мәніндегі саяси қателік әрі тарихи білімінің таяздығын көрсеткенін ресейлік саясаткерлер мен саясаттанушылар мойындаған.
Естеріңізде болса, осының алдында қазіргі Ресей президенті Путин мырза «қазақтарда мемлекет деген мүлде болмаған. Қазақстанда тұңғыш мемлекетті орнатқан Нұрсұлтан Назарбаев» деп айтқан болатын. Бұл кезде қазақ тарихшылары Путин мырзаның мәлімдемесіне нақты жауап қайтарған болатын. Тіпті, Мемлекет басшысының өзі бастама болып, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуді тапсырған еді ғой.
Ал, ресейлік оппозиционер Алексей Навальный «Путиннің бұл сөзі ресейліктер үшін күтпеген мәлімдеме болды. Енді біліп жүретін болдық. Бұл Путиннің Ресей тарихын жаңадан жазуға бағытталған әрекеті болса керек-ті»,-дейді.
Моңғолия тарихшылары Путин мырзаның мәлімдемесінен кейін, Алтын орданың есімін Ресеймен салыстырып, былғамауды талап еткен. Олардың пікірінше, Алтын орданың тікелей мұрагері – қазіргі Моңғолия.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті:
-Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды.
Александр Лукашенко, Белорусия Президенті:
-Егер Путин мырза тарихи деректерді шатастырып жатса, ол оның жеке мәселесі. Бірақ, бәрімізге мәлім тарих бойынша, Қазақтарда мемлекет орыстардан бұрын болған. Ал Алтын орданың мұрагері Қазақстан болуы керек.
Ал профессор Тұрсын Жұртбай «Алтын орданың заңды мұрагері – біз, қазақтар» дейді.
Тұрсын Жұртбай, ф.ғ.д., профессор:
-Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығын тойлау – бұл біздің тәуелсіздігімізді бекіту деген сөз. Сонда біз қайдан шықтық дегенде ешқандай қысылып-қымтырылмай «Біз Алтын Орданың мұрагеріміз» деу керек. Ал, одан арғы көшпенді дүниені дәлелдеу ол – екінші мәселе. Бүгінгі біздің дәлелдейтініміз – қазақ хандығы Алтын Орданың орнындағы ең соңғы хандық және орысқа бағынған Алтын Орда құрамындағы ең соңғы хандық екендігін, яғни қазақ хандығы Алтын Орданың немесе Жошы ұлысының заңды мұрагері екендігін дәлелдеу. Алдағы дүбірлі тойда осы пікірді түбегейлі дәлелдеп алуымыз керек. Менің ойымша, қазіргі қазақ тарихшыларының алдында тұрған ең басты міндет осы. Сонда біз әлемге империяның мұрагері ретінде қабылданамыз. «Империяның мұрагері ретінде қабылданамыз» деген сөз ол – ежелден заңды мемлекеттің жалғасы екендігін айшықтайды.
Сондай-ақ, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев «Алтын орданың мұрагері – Қазақстан екені заңды» дейді.
Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан Президенті:
-Сіздер мен біздер тарихтан білетініміздей, әуелде Түркі қағанаты болды. Кейін Ұйғыр қағанаты, сосын Қырғыз қағанаты, Алтын орда, Ресей Империясы, Кеңес одағы болып жалғасты. Яғни, біз ықылым замандардан бері бір мемлекеттің астында жасап келеміз. Тарихтан бері біздің территориямыз ортақ болып келген. Ал, сол Алтын орданың тікелей мұрагері бүгінгі – Қазақстан екеніне ешкімнің таласуға хақысы жоқ. Бұл күмәнсіз, тарихи деректерде де жазылған ғой.
Түйін: Ресей президентінің тарихты бұрмалап көрсетуі бірінші мәрте емес екені жасырын емес. Бұл Путин мырзаның білімсіздігін емес, әсілі амбициясын аңғартса керек. «Алтын орданың тікелей мұрагері – қазіргі Ресей»,- деуі, Ресей империясының негізгі мұрагері – Қазақстан дегемен бірдей емес пе?! Ресей президентінің бұл жолғы мәлімдемесіне не деп жауап береді екен?..
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру