Жаңа оқу жылында мектеп формасы міндеттелмейді

/image/2021/08/31/crop-92_39_627x835_110906472600.jpg

Үшінші мегаполисте жаңа 2021-2022 оқу жылы дәстүрлі форматта болмақ. Сонымен қатар биыл пандемиялық жағдайға байланысты мектеп формасы міндеттелмейді. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз жиынында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.

Бүгінде Шымкент қаласының білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына сақадай сай. Мәселен, оқулықтар мен көркем әдебиеттер білім ошақтарына 100% жеткізілді. Ал, бейнебақылау жүйесі мен турникеттер толық орнатылған. Бұл ретте оқушылар жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастайды.

Жаңа 2021-2022 оқу жылында оқушыларға мектеп формасы міндеттелмейді, алайда классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат. Ал 30 мың теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек алған отбасылар, яғни 57 466 бала мектеп формасын алуға міндетті.

Осы орайда 1 қыркүйек күні білім табалдырығын аттаған бүлдіршіндер үшін салтанатты жиын өтеді, қалған сынып оқушыларына санитарлық талаптарды сақтай отырып сынып сағаты болады.

Айта кетейік, енді білім ошақтарының әр қабатында санитайзерлер қойылып, қол жуу тәртібі ілініп тұруы керек. Дезинфекциялық заттардың 1 айлық қоры болуы тиіс. Бұл ретте күніне екі рет ылғалды, аптасына бір рет жалпы тазалық жұмыстары жүргізілуі қажет. Ал сынып іші 25 баладан аспауы керек.

Қаладағы барлық білім ұйымында «Ashyq» жобасы толық қосылған. Осы орайда медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды санамағанда педагогтар мен техникалық персоналдар 100 пайыз вакцинацияланған.

Сонымен қатар Жанат Тәжиева эпидемиологиялық жағдайға байланысты тәрбиеленушілердің ата-аналарын вакцина салдыруға шақыра отырып, мектептегі дезинфекциялық заттарға ақша жинамауды өтінді. Өйткені білім ұйымдарына қажеттілік заттың бәріне қаржы бөлініп отырғанын арнайы жеткізіп, ата-ана балаларын тек бетпердемен қамтамасыз ету керектігін айтты.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар