ОҒЛАНДАР

/uploads/thumbnail/20170708194825969_small.jpg

27 ші қыркүйек күні батырға ескерткіш қойылып, дүбірлі той басталады.

(толғау)
Байтайлақ батырдың рухына арнаймын

Бисмилла - сөздің анасы,
Пенденің Алла панасы.
Көгілдір тудай көкпеңбек,
Аспанға мынау қарашы!
Уақыт емші өзі емдеп,
Жазылар жанның жарасы.
Шежіре күйін шертеді,
Қазақтың байтақ даласы.

"Бисмилладан сөз басы",
Иманнан жанның тозбасы.
Саф алтынды тот баспас,
Булағанмен мың ұста,
Алтын болмас жез басы.
Бота - көңілім мөлдіреп,
Бозінген тарих, боздашы.
Қастауыш қалам қолдағы,
Арғы-бергіні қозғашы!

Арғы атам - Сақ пен Ғұн еді,
Бергі атам менің Түрік-ті.
Күмістен салып ер-тоқым,
Күліктен таңдап мініпті.
Күлтегін батыр күңіреніп,
Жау етегін түріпті.
Орхонның басы ой екен,
Мыңғырылған қой екен.
Селеңгі бойы семсерлі,
Күлтегін бастар қол екен.
Батырлар шықса жорыққа,
Алдары даңғыл жол екен.
Несібелері мол екен,
Жорықтан қайтса олжалы,
Хан ордасында той екен.

Болашағын болжаған,
Елдің қамын ойлаған,
Теңіз -ойға бойлаған,
Жеңісін ғана тойлаған,
Білгедей қаған өтіпті.
Хан мен батыр бас қосып,
Түркінің мықты бірлігін,
Бекемдеп солай кетіпті.
Дариға-дәруен өткен соң,
Ажалдың оғы жеткен соң.
Хан менен бектің ерлігін,
Түркіге әперген теңдігін,
Ел данасы - Тоныкөк,
Кемеңгер ол да ойы көп.
Өшпестей етіп көк тасқа,
Қашап жазып кетіпті.
Балбал тастар бабалық,
Өсиет болып даналық,
Біздерге солай жетіпті.
Ғұлама біздің бабалар,
Орта ғасырда хат жазып,
Берекеңді сақта деп, 
Өсиет айтып кетіпті...

Қазақ деген халықпыз!
Жау менен жаңбыр мүжіген,
Тектілік қалған ізінен,
Тасқа қашалған тарихпыз.
Қарағайға қарсы бұтақпыз,
Бәйтерек сынды алыппыз.
Тәңірім көкте жебеген,
Көк бөрі жерде демеген,
Отқа салса жанбаған,
Суға салса батпаған,
Шұғыла түскен ғаріппіз.
Қилы-қилы заманнан,
Ниеті, ойы арамнан,
Қиылмай аман қалыппыз.
Қияласақ сұңқармыз,
Қиқулай шапсақ тұлпармыз,
Қолға түсіп қор болсақ,
Еліне ертең сұлтанбыз,
Сөзімнің болсын дәлелі,
Мойындап күллі әлемі,
Бейбарыс болып барыппыз.
Мысырда билік құрыппыз,
Қайда барсақ  та - Ұлықпыз.
Туа сап бір түп жусанға,
Кіндігінен байланған,
Өзге елде сұлтан болсақ та,
Атажұрт жайлы ойланған,
Тамыры терең халықпыз.
Құл болып кетіп жат жұртқа,
Билігін қолға алыппыз.
Намыстың ақ семсерін,
Ақ алмасқа жаныппыз.
Тегеурін көрдік тағдырдан,
Шайтандар қанша азғырған,
Мың мехеннат кешсек  те,
Тектілікті сақтап қалыппыз.

Керей менен Жәнібек,
Халқымның болсын бағы деп,
Ертеңгі келер ұрпақтың,
Сынбасын жаудан сағы деп.
Дешті-Қыпшақтан бөлініп,
Ордасын тіккен жер еді.
Оғлан еді батырлар,
Ақылы терең көл еді.
Шашыраған ұлысты,
Ел болсақ деп демеді.
Қос сұлтанның осылай,
Тілеуін Тәңір береді.
Шашыраған көп тайпа,
Соңдарынан ереді.
Би менен бектер кеңесіп,
Ойлары көкпен теңесіп,
Қазақ деген жас елдің,
Болашағына сенеді.
Қотан жырау толғанып,
Асан жырау қомданып,
Сөз маржанын тереді.
Болашақ елге бақ тілеп,
Ақ батасын береді.

Тарихтың бар ма таласы?
Ақ ордамыз қонған жер,
Талас пен Шудың арасы.
Баяғы бағзы заманнан,
Бабамның жортқан даласы.
Жеті өзені жүйткіген,
Жер жәннаты атанған,
Жетісудың сағасы.
Алтай, Арқа, Алатау,
Еділ, Жайық, Қаратау,
Алаша ханым ту тіккен,
Қасиетті Ұлытау - 
Көзімнің ақ пен қарасы.
Желмая мініп жер шалған,
Асанның жортқан даласы.
Сығанақ пен Сарайшық,
Созақ пенен Отырар-
Қазақтың көне қаласы.
Яссауи бабам жатқан жер,
Иманның нұрын шашқан жер.
"Тұран" деп Мағжан жырлаған,
Ғасырдың мұңын тыңдаған,
Хан менен билер пір тұтқан,
Киелі мекен Түркістан -
Руханиятымның анасы.

Дәуір мен дәуір алмасты,
Жылдарға жылдар жалғасты.
Қазақтың ханы Бұрындық,
Қарсы келген дұшпанын,
Қиып түсетін алмас-ты.
"Қасқа жолды ер Қасым"
Дара хан боп тарихта,
Жауына қамшы ойнатты.
Бұрындық пен Қасымның,
Жеңілген жауы болмапты.
Тахир хан мен Бұйдаш хан,
Бабалар жолын жалғапты.
Қахарлы хан Хақназар,
Іргесін елдің кеңейтіп,
Халқының санын көбейтіп,
Қазақтың қамын ойлапты.
Шығай ханның тұсында,
Шығынымыз болмапты.
Тәуекел хандар кешегі,
Егеулі найза секілді,
Тегеуірінді деседі.
"Қасым салған қасқа жол",
Ұрпақтардан жалғасып,
Хандықтар солай алмасып,
"Ескі жол" боп жаңарып,
Есім ханға көшеді.
Еңсегей бойлы ер Есім,
Еңіреген ер екен.
Дұшпанына тар екен,
Халқына қорған нар екен.
Бөкейдегі Жәңгір хан,
Ғұлама болды деседі.
Хан Тәукенің тұсында,
"Жеті жарғыға" бағынып,
Мерейі елдің өседі.
Болат ханның тұсында,
Жоңғарға кетті есеміз.
"Ақтабан" боп шұбырып,
Қайын сауып кетеміз.
Өзегі елдің талғанда,
Қарт Шыңғыста әулие,
Босқан жұртқа ере алмай,
Әнет баба қалғанда,
Бір жылаған ел едік...
Дүниеден түңілмей,
Берекең кетіп бүлінбей,
Елдіктің сақтап тұтқасын,
Жылағанды уатып,
Сүрінгенді демедік.
Көкжал арлан секілді,
Күн сипаған - Кекілді,
Қаңғыртпаған жесірді,
Жылатпаған жетімді,
Қазақ деген ел едік.
Дара туған - Қабанбай,
Бөлек туған - Бөгенбай,
Қазаққа Алла бақ берген,
Ханына таймас тақ берген.
Әбілхайыр бас болып,
Әбілмансұр жас болып,
Батыр біткен ат қонып,
Ойсыратып жоңғарды,
Теңдігімді ап берген.
Сәмеке ханның тұсында,
Алауыз бопты сұлтандар.
Әбілмәмбеттің тұсында,
Береке кетіп үш жүзден,
Зеңгір көкке қалықтап,
Ұша алмапты сұңқарлар.
Жаратқан Аллам жар болып,
Оңынан беріп бағын Ай.
Үш жүздің басын қосуға,
Жаулары келсе тосуға,
Таққа отырыпты Абылай.
Қыран Абылай осылай:
Қиялап бәрін шолыпты,
Батырлары шетінен,
Бахадүрлер болыпты.
Бұхар бастаған жыраулар,
Толғап рух жырларын,
Оятып қазақ ұлдарын,
Сөйлейтін бопты шешіліп,
Аламанға түскен ақындар,
Шабатын бопты көсіліп.
Шұғыла төгіп арайы,
Хан ордасының маңайы,
Ғұламаларға толыпты.
Жеңілген жауы болмапты,
Бір күндік қызыққа алданбай,
Ертеңін ұлттың ойлапты.
Берекемен ел бастап,
Жеңісін ғана тойлапты.

...Алқаракөк аспанды,
Арайлаған ақ таңды,
Бұлт торламас дейсің бе?
Қара бұлт төнсе жан-жақтан,
Елдің қамын жейсің бе?
Тектіден туған ер жігіт,
Өнбес дауды сөз қылып,
Дұшпанына ерсің бе.
Айтқанына көнсін бе,
Айдауына жүрсің бе?!
Елін сүйген есіл ер,
Дұшпанға ерік берсін бе.
Кешегі өткен Байтайлақ,
Дәл осындай ер еді.
Қатпар тарих аша алмас,
Қойнауы толған кен еді.
Беркінген жау аса алмас,
Белінен ешкім баса алмас,
Асқарда асу бел еді.
Тереңіне бойлатпас,
Айдын бір шалқар көл еді.
Отарлыққа көнбеген,
Бодандыққа елін бермеген,
Қылышын жауға сермеген,
Еңіреп туған ер еді.
Ұрандап шапса қалмаққа,
Тәңірім көктен жебеді.
Қалың елі қорғаны,
Қолтығынан демеді.
Байтайлақтың ерлігін,
Хан Абылай еледі.
Ел мен елге елші етіп,
Билігіне сенеді.
Қара қылды қақ жарған,
Қысылған жерде топ жарған,
Байталақтай батырдың,
Ақыл, айласы тең еді.
Оғлан ұлдар тұрған да, 
Бұл қазақ кімнен кем еді.

Алтайдың ақбас шыңындай,
Сөз жете ме даңқыңа.
Алашқа айтулы батыр ең,
Ұран боп қалдың, қайтейін,
Рушыл мынау халқыңа!..
Тарихтың беті жұқарып,
Рухымыз пәс боп мұқалып,
Жете алмадық-ау жан баба,
Көшкен бір жылдар нарқыңа.
Бөз жете ме жібекке,
Көз жете ме түнекке,
Түнекте туған Ай сынды,
Асыл туған Есіл Ер,
Ұран боп жеттің жүрекке!
Қара Ертіс басын жайлаған,
Қалың ел сені ұмытқан жоқ,
Ховда да бие байлаған,
Рулы ел сені ұмытқан жоқ.
Алатау, Көкше, Қаратау,
Отпантау мен Ұлытау,
Атырау Алтай арасы,
Саналы, текті баласы,
Бар қазақ сені ұмытқан жоқ.
Қазаққа ортақ батырсың,
Басыңа қойып көк күмбез,
Бір аунап түсіп жатырсың.
Берекесі емес пе осы елдің,
Бірліктің менде досы едім.
Ынтымағы елдің кетпесін,
Қырық пышақ болған қазақтың,
Мүйізі әлі шыққан жоқ!

Бұлдырда, бұлдыр, бұлдыр күн,
Бақытым ұшса басымнан,
Сағымды дұшпан сындырдың.
Арғымағымды кісендеп,
Азаматымды құл қылдың.
Жібегімді жүн қылдың,
Ақ борақ келіп еліме,
Жазира дархан жеріме,
Дым білмесіңді би қылдың.
Арыстарымды атқылап,
Аруларымды күн қылдың.
Иманымды үркітіп,
Ибалы елді жын қылдың.
Жазылар қалай жарамыз,
У-ланды жатпен санамыз.
Қолдан жасалған аштықтан,
Ақсүйек болды даламыз.
Полигон болды жеріміз,
Сенікі болды кеніміз,
Сенікі болды төріміз,
Меңіреу болды ұлымыз,
Күн көсем болды жырымыз.
Намысым әбден тапталды,
Көзімде тұнып кек қалды.
Дүр рухым қайта оянып,
Алматым қанға боялып,
Қар астынан гүл шығып,
Аспаннан нұрлы күн шығып,
Жалынды қайсар ұл-қызым,
Желтоқсанда дауыл боп,
Бодандық саған аттанды.
Елемеді атқанды,
Ескермеді сатқанды,
Іргенді сөкті осылай,
Әлемді дүр сілкінткен,
Айбарыңнан да шошымай.
Осылай Кеңес құлады,
Талайдың қанын шашып-ай!

Ұлытауым - ұлығым.
Мен бүгін азат Қазақпын,
Сенімен бірге ғұмырым.
Ғасырдан көшкен ғасырға,
Абайдың өлмес жырымын.
Сарыжайлау болып төгілген,
Тәттімбеттің күйімін.
Әміренің әнімін,
Шараның әсем биімін.
Дауылға қалған кезім көп,
Жауында қалған кезім көп,
Недеген осы сірімін!?
Жаппар Ием жар болды-ау,
Мың құладым, жыладым,
Тағдырым қанша сынадың,
Сонда да міне, тірімін.
...
Қасиет толы Қалба тау,
Жәнібек бабам жатқан жер.
Өсиет шерткен Қалба тау,
Байтайлақ бабам жатқан жер.
Аруағыңнан айналдым,
Қос арғымақ ақтаңкер.
Қосарланып қос батыр,
Үзеңгілері соғысып,
Бір-бірін терең ұғысып,
Дұшпанына шапқан жер.
Дара-дара тау болып,
Мәңгілік мекен тапқан жер.
Ұлықтаған ерлерін,
Қазақты Алла, сақтай гөр!!!

Ербол Бейілхан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар