"Айлықты көтерсін". Арал тұз зауытының қызметкерлері жұмысқа шығудан бас тартты

/image/2021/09/04/crop-282_69_614x819_snimok-ekrana-8.png

Қызылорда облысында "Арал тұз" зауытының 1000-ға жуық  қызметкері жұмысқа шығудан бас тартты, деп хабарлады Астана телеарнасы. 

Ас тұзын өндірушілер жалақының аздығын айтып назарылық білдірген. Айтуларынша, олар таңнан кешке дейін қап көтеріп, тікесінен тік тұрып жұмыс істейді. Ал алатын жалақылары мардымсыз. 

– Біздің окладымыз 55 мың. Оған экологиялық төлем қосамыз. Сыйақысы, тағы-тағысымен 80 мыңға барады. Айлықты көтеріп 100 процент оклад қылсын. Болды басқа талабымыз жоқ. 13-айлық сұрап отырған жоқпыз, – дейді зауытта дәнекерлеуші болып істейтін Жалғасхан Сүйіндіков. 

Жиналғандар өндіріс орнында жұмысшыларға жайлы жағдай жасалмағанына шағынады. Арнайы киіммен қамтамасыз етілмеген. Тіпті тамақтанатын орындары да жоқ. 

– Ешқандай условия жоқ. Туалет жоқ. 80 мың теңге айлық аламыз. Мен жесір әйелмін. Сол 80 мыңның ішінде инвалид баламды асыраймын, – деді дайын өнім қапшысы Нұргүл Қондыбаева  

"Арал тұз" зауытының басшылығы, айлықты көтеруге қарсы еместігін, бірақ әзірге қанша пайызға көтеретінін білмейтіндерін, жұмыстың тоқтап қалғаны  мәселені шешуге кері әсер етіп тұрғанын айтады. 

– Нақты қазір айта алмаймын. Өйткені екі күн жұмысшылармен жүрмін. Оны есептеп қарау керек. Халыққа да айтып жатырмын. Сіздер жұмысты тоқтатсаңыздар қанша пайызға көтеру мүмкіншілігін жойып жатырсыздар деп, – дейді "АРАЛ ТҰЗ" АҚ президентінің кеңесшісі Айдынбек Тауасаров. 

Ол нақты шешім қабылдау үшін 10 күн қажет екенін айтты. Бірақ наразы жұмсышылар "мәселе түбегейлі шешілмесе, жұмысқа шықпаймыз" деп отыр. 

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар