"Ақ жол" демократиялық партиясы Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы қарсаңында "Желтоқсан көтерілісін – ұлт азаттық көтеріліс ретінде тану" мәселесін көтерді.
Вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолданған депутаттық сауалда Желтоқсан оқиғасы кезінде қаза тапқан Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға "Халық Қаһарманы" атағын беруді ұсынды.
Бұдан бөлек партия депутаттары төмендегідей бірнеше нақты шаралар тізбегін ұсынды.
- 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Кеңестік қызыл империяға қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет.
Желтоқсандықтарға "Желтоқсан көтерілісіне қатысушы" құқықтық мәртебесі берілуі керек.
- Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев еліміздегі айрықша атаулы күндер қатарында атаған Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ресми деңгейде атап өтілуі керек.
- Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы заңға Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қолдап, көтермелейтін арнайы өзгеріс енгізілуі керек.
- Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалғанын әлі растай алмай жүрген азаматтарды "Желтоқсан көтерілісіне қатысушы" ретінде тануда қолдан жасалған қаптаған кедергілерді жойып, анықтама алуды жеңілдету керек.
- Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы тиіс. Жастарымызға патриоттық тәрбие беру үшін оқулықтарда жеткілікті жазылуы қажет.
Қазақстан қалаларында Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашылып, монументтер орнатылуы тиіс.
Пікір қалдыру