Парламент мәжілісінің депутаты, «nur otan» партиясы фракциясының мүшесі шымкентке арнайы іс-сапармен келді

/image/2021/09/16/crop-51_30_408x544_17.jpg

«Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы «Жастар жылы» аясында «Жас маман» жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Аталған жобаның басты мақсаты – елімізде ең көп талап етілетін 100 кәсіп бойынша 180 колледж бен 20 университетті жаңарту мен білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу болып табылады.

Аталған жоба негізінде атқарылған жұмыстармен танысу үшін Шымкентке Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы арнайы іс-сапармен келіп, бірқатар оқу орындарын аралады. Сонымен қатар ол «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын Шымкент қаласы бойынша іске асыру мақсатында әзірленген Жол картасының орындалуы бойынша бірнеше мектептердің оқу процесімен де танысты.

Мәжіліс депутаты алдымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің жұмысымен танысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында университетте 2018 жылы шілдеде ашылған коворкинг орталығын көрді. «Nur Otan» партиясының «ІТ мамандар дайындау» жобасы шеңберінде балаларды бағдарламалауға және ІТ-мамандықтарының дағдыларына үйрететін алты ақысыз «IT-SYNYP» сыныптары ашылған. «IT-SYNYP» копьютерлік сыныптары Wi-Fi аймақта орналасқан, мульдимедиялық подиумдармен қамтымасыз етілген, НР-24 компьютерлік 80 моноблокпен, жоғары жылдамдықты Интернетке (100 Мбит/с) қосылған Web-камералармен жабдықталған. Сайлауалды бағдарламаның жүйелі орындалуы пысықталды.

Келесі нысан №5 «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің» ұжымымен кездесіп, оқу орнының материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Аталмыш білім мекемесінде бүгінгі таңда мыңнан аса шәкірт тәрбиеленуде. Олар тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, тігінші, арнайы тігінші, модельер-пішуші, техник-технолог, тоқыма өндірісі, тоқыма машинасының операторы мамандықтары бойынша білім алуда.

Одан соң Мәжіліс депутаты Шымкенттегі «Жол-көлік колледжіне» барды. Аталған білім мекемесінің «Жас маман» жобасы бойынша материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарттар талаптарына сай соңғы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін мемлекет есебінен қажетті қаражаттар бөлінген. Соған сәйкес, оқу орнындағы «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Темір жол көлігіндегі автоматика, телемеханика және қозғалысты басқару» мамандықтары бойынша еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлау, олардың кәсіби біліктілігін дамыту мақсатында 264 млн. теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. «Жас маман» жобасы бойынша колледждің автомеханика бөлімі мен теміржол бөлімдерінің зертханалары мен кабинеттері талапқа сай заманауи құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар, гараж кешенінде зертханалық кабинет ашылып, жаңа құрал-жабдықтар орнатылған.

«Жас маман» жобасы аясында «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша 33, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша 9, «Темір жол көлігіндегі автоматика, телемеханика және қозғалысты басқару» мамандығы бойынша 22 атаулы құрал-жабдықтар алынған. Жалпы «Жас маман» жобасы аясында колледждердің материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарттар талаптарына сай, соңғы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – білім сапасын көтеру жолында оң серпін берері сөзсіз.

Жұлдыз Досбергенқызы бет алған кезекті нысан «Сайрам көмекші интернат-мектеп-колледжі» болды. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Сайрам көмекші мектеп-интернаты» мекемесінің ескі ғимараты толық сүріліп, оның орнына заманауи талаптарға сай жаңа ғимарат бой көтерген. Алғашында балалар үйі болып құрылып, кейіннен көмекші мектеп-интернаты қызметіне көшкен нысан енді «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледж» арнайы кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.

Бүгінде Шымкент қаласының білім басармасына қарайтын колледждегі құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Өз кезегінде колледжде үш қабатты оқу ғимаратынан бөлек 100 орынға лайықталған асхана, акт залы, спорт зал, ағаш өңдеу және тігін шеберханалары бар.

Арнайы оқытуды қажет ететін балалар аталған мектеп-интернат-колледжін тәмәмдаған соң, арнайы мамандықтар бойынша диплом алып шығады. Бұл білім мекемесі Қазақстанда тұңғыш рет көмекші мектеп колледж мәртебесін алып отыр.
Жалпы аталған мекемедегі ауқымды құрылыс жұмысы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша әзірленген Жол картасындағы кешенді іс-шаралар қатарында.

Мектеп-интернат-колледждің жұмысымен толық танысқан Ж. Досбергенқызы мектеп басшылығы мен қызметкерлер тарапынан жұмыс барысында қандай кедергілер барын сұрады. Өз кезегінде мектеп ұжымы депутат назарына бірқатар мәселелерді көлденең тартты. Атап айтқанда, Бала құқықтарын қорғау туралы заңның 30-бабында жазылған «Арнаулы білім беру ұйымдарында 11 жастан 18 жасқа дейінгі девиантты мінез құлықты балалар орналастырылады» дегенді «Арнайы мектеп интернат ұйымдарында» деген сөйлем қосуды қарастыруды, азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына өзгеріс енгізуін, ерекше оқытуды қажет ететін мектеп-интернат ұстаздары мен тәрбиешілеріне зияндылық үшін еңбекақысына үстеме жалақы 25 % төленуін атап өтті. Өз кезегінде кеңес төрағасы Ж. Досбергенқызы айтылған ұсыныстарды жан-жақты зерделеп, оның оң шешімін табуына ықпал ететінін айтты.

Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясының жанындағы білім және ғылымды дамыту жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы, фракция мүшесі Жұлдыз Досбергенқызының жұмыс сапары қаладағы жекеменшік негізде ашылған мектептердың оқу процесімен танысумен жалғасты.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын Шымкент қаласы бойынша іске асыру мақсатында әзірленген Жол картасында білім саласы бойынша 13 тапсырма бар. Бүгінде оның 5-уі толық орындалған. Білім саласы бойынша орындалуы тиіс іс-шаралардың қатарында үш ауысымды мектеп мәселесін шешу көзделген. Осы мақсатта қалада жекеменшік мектептер ашылған. Соның бірі «Аль-Фараби» академиялык мектебі. Аталған нысан әу-баста тойханаға арналып салынған ғимарат (Оңтүстік қабылдау үйі) болатын. Кейіннен жан басына қаржыландыру есебінен қайта құрылымдау арқылы мектеп болып өзгертілген. Соңғы кездері дәл осы мектептегі оқу процесі бойынша әлеуметтік желіде ата-аналар тарапынан шағымдар түскен. Осыған орай Мәжіліс депутаты аталған мектепке арнайы барып, оқу процесі бойынша бірнеше ұсыныстар айтты. Депутат айтылған ұсыныстардың барлығы партия бақылауында болатынын атап өтті.

Қазіргі таңда «Аль-Фараби» академиялык мектебіндегі 1386 оқушының білім деңгейін көтеру үшін Финляндия елінің оқу басқармасымен келісім шарт жасалған. Соның негізінде оқушылар финдық жүйе бойынша білім алуда.

Бұдан бөлек Мәжіліс депутаты «Низамхан» орта мектебінің жұмысымен танысты. Аталған білім ұясында мемлекеттік стандартқа сәйкес білім беріледі. Оқу екі тілде жүргізіліп, балалар тегін оқытылады. Ол жерде оқушыларға қосымша үйірмелер, спорт секциялары, робототехника, би, домбыра үйірмелері ашылған.

Шымкент қаласы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін әзірленген Жол картасындағы 149 кешенді іс-шараның қатарында үш ауысымды мектеп мәселесін түпкілікті шешу көзделген. Балаларды сапалы білім беру және үш ауысымды мектеп санын азайту “Nur Otan“ партиясының бақылауында. Осы мақсатта қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан «Тұран» шағын ауданында биыл 1200 орынға лайықталған мектеп пайдалануға берілген. Қазіргі таңда аталған ауданда тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Яғни, алдағы уақытта ондағы тұрғындар саны арта түсетіні белгілі. Соған сәйкес келер жылы мектептегі оқушылар саны 2 мыңға дейін жетеді деген болжам бар.

Аталған білім ұясына арнайы барған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ондағы оқу процесін бақылап, жаңа оқу ғимаратының заман талабына сай жарақтандырылғанын атап өтті. Сонымен қатар ол, оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Айта кетейік, биыл қалада 5 үш ауысымды мектептің мәселесі оң шешіліп, олардың саны 14-тен 9-ға азаяды.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар