Қостанай облысындағы жер үйдің бірінде жарылыс болды. Бұл туралы "Костанайские новости" басылымы хабарлады.
Жарылыс 16 қыркүйекте Бородина көшесі, 116 мекенжайында орналасқан жеке үйдің жертөлесінде болған. Салдарынан 3 адамның денесін қатты күйік шалып, қазір олар ауыр хәлде жатыр.
– 1995 жылғы ер адамның басын, кеудесі мен аяқ-қолын үшінші дәрежелі күйік шалды, терісінің 80%-ы күйген. 1984 жылғы ер адам терісінің 35%-ы күйген, басы, кеуде тұсы мен тыныс жолдарын үшінші дәрежелі күйік шалды. Қазір екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Ал 1983 жылғы үшінші азаматтың беті мен басының бір бөлігін екінші дәрежелі күйік шалған, барлығы 12%. Ол ауруханаға жатудан бас тартқан, – деді облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Куәгерлердің сөзінше, үйде үш ер адам монтаждау көбігімен жұмыс істеп жатқан. Алдын-ала болжам бойынша ер адамдардың бірі тұтанған темекімен жертөлеге түсіп, соның салдары жарылысқа әкеп соққан.
Пікір қалдыру