Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Назым Қызайбай мен Ангелина Лукас құрамадан уақытша шеттелуі мүмкін. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Боксшы Ангелина Лукастың әйелдер арасындағы ұлттық құрамадағы жағдайларға байланысты жолдаған үндеуі бойынша қызметтік тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құрылған.
Комиссияға тараптардың уәжі мен істің матариалдарын қарап, төмендегідей шаралар қабылдау міндеті қойылып отыр:
- Қазақстан бокс федерациясы Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, спорт этикасын бұзғаны үшін екі боксшы – Назым Қызайбай мен Ангелина Лукасты уақытша шеттету мәселесін қарастыру;
- Спорттық тәртіпті бұзу фактілері бойынша объективті тергеу жүргізіп, 20 қыркүйекке дейін Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне ұлттық команданың бәсекеге қабілетті құрамын жасақтау;
- Әйелдер құрамасы бас бапкерінің рапорты бойынша, допингке қарсы ұлттық орталықтың мамандарын тарта отырып, құрама команда мүшелерінің допинг (тыйым салынған препараттар) қолдану мүмкіндігіне тексеру жүргізу;
- Командадағы психологиялық ахуалды жақсарту, жанжалға жол бермеу үшін психологтарды, медиаторларды тарта отырып жұмыс жүргізуді ұсыну.
"Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта осындай келеңсіз жағдайға жол бермеу үшін федерациялардың бәріне командадағы тәрбиелік жұмысты күшейту қажеттігі туралы хат жолдады. Сондай-ақ бас бапкер Ерік Алғабектің ұлттық құрамадағы бақылауды әлсіреткенін атап өту керек. Бұл командадағы спорттық тәртіпті жүйелі түрде бұзуға алып келді" деп мәлімдеме жасады комитеттің баспасөз қызметі.
Арнайы комиссия құрамадағы барлық боксшы қыздарға қызметтік тексеріс жүргізеді. Комиссия енді спорттық тәртіптің қалай бұзылғанын, допинг қолданған спортшылардың бар-жоғын анықтайды. Сондай-ақ, еңбек шартын бұзғаны үшін Ангелина Лукасты қандай тәртіптік жауапкершілікке тартатынын да шешеді.
Айта кетейік, бұған дейін Ангелина Лукас "маған Назым Қызайбай күн көрсетпейді, соның кесірінен Ұлттық құрамадан шеттетілдім" деп жариялаған еді.
Пікір қалдыру