Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында "Қазақстан" деген жазу шығып тұрады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.
– БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында "Қазақстан" деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады. Кезінде КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген болатын, – деді министр.
Бағдат Мусин Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Яғни осы келіссөздердің нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды резервке қойылды.
Пікір қалдыру