Жақында Болгарияның Пловдив қаласында таэкван-додан әлем чемпионаты болып өткен-дi. Осынау байрақты бәсекеде жерлесiмiз Қуандықов Рамазан Бақытұлы жүлделi үшiншi орынды жеңiп алды. Таяуда даңқты спортшы мен оның жаттықтырушысы Вячеслав Барашкиндi аудан әкiмi Қ.Айтөреев арнайы қабылдап, қызу құттықтады. Аудан басшысы Қ.Нұржанұлы елiмiздiң мерейiн үстем етiп келген жерлесiмiздi жеңiсiмен құттықтап, “Алғыс хат” пен бағалы сыйлықтар тапсырды. Жас спортшыға өзiнiң жүрекжарды лебiзiн бiлдiрдi.
– Менi ата-анам мектеп кезiнен бастап осы спорт түрiне баулыды. Бертiн келе өзiмнiң де таэкван-доға деген қызығушылығым арта түстi. Келешегiмдi де осы спортпен байланыстырғым келдi. Сондықтан да мектептi аяқтағаннан кейiн Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттiң спорт және туризм факультетiне оқуға түстiм. Биыл аталмыш оқу орнының 4-шi курс студентiмiн. Жалпы бiздiң үйдегi үш ұл да таэкван-доны таңдағанбыз. Бiр жағы ағаларыма да елiктеп өстiм. Үлкен ағам Жамбыл таэкван-додан жаттықтырушы болып жұмыс жасайды, – дейдi Рамазан.
Ересектер арасында Азия чемпионаты мен 2012 жылғы әлем чемпионатында жасөсiпiрiмдер арасында қола жүлде иегерi атанған Рамазанның санамалай берсек жеңiстерi жетерлiк. Жас та болса спортта бiраз биiктердi бағындырған Рамазанға бiз де өз тарапымыздан жеңiсiң құтты болсын, әлi де биiк асулардан асып, елiмiздiң абыройын асқақтата бер демекпiз.
Ж.ӘБДIРАХЫМОВА
«Қамшы» сілтейді
Пікір қалдыру