Павлодарда RBK банк филиалының директоры 8-қабаттан секіріп, көз жұмды. Бұл туралы Pavlodarnews.kz сайты хабарлады.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, әйел 5 қазан күні таңертең өлі күйінде табылған.
"Павлодарда Бектұров көшесі, 50/1 үйде 8-ші қабаттың балконынан секіріп, өз-өзіне қол жұмсаған 1972 жылы туған азаматтың денесі табылды" делінген ведомство таратқан хабарламада.
Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 105-бабына (өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталған. Сараптама тағайындалған.
Қайтыс болған 49 жастағы әйелдің Павлодардағы "Bank RBK" филиалын басқарғаны туралы ақпаратты банк ресми түрде растады.
"Bank RBK" АҚ Павлодар қаласы филиалы басшысының мезгілсіз өмірден өткенін хабарлайды. Банк басшылығы мен ұжымы әріптесіміздің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Банк тарапынан әріптесіміздің отбасына материалдық көмек көрсетілетін болады. Және істің мән-жайын тергеуге қолдау көрсетеді. Тергеу аяқталғанға дейін банк дәлелсіз ақпарат таратпауға шақырады", делінген хабарламада.
Пікір қалдыру