“Ата-баба дәстүрi – ұрпаққа аманат”

/uploads/thumbnail/20170708195001853_small.jpg

Дәл осындай тақырыппен бүгiнде облыстық ардагерлер кеңесiнiң  жер-жерде жергiлiктi тұрғындармен келелi кездесулер өткiзiп жатқандығы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшiлiкке мәлiм. Бұған дейiн Сарыағаш және Мақтарал аудандарының жұртшылығымен байыпты басқосу өткiзген облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы, Түлкiбас және Ордабасы аудандарының Құрметтi азаматы Жеңiсбек Мәуленқұлов бастаған топ сәрсенбi, яғни 16 қыркүйек күнi Шардара жұртшылығымен кездесу өткiздi.

 

                Аталмыш iс-шараға қала, ауыл әкiмдерi, бөлiм, мекеме басшылары, бiлiм, денсаулық сақтау қызметкерлерi, тыл және соғыс ардагерлерi мен БАҚ өкiлдерi қатысты.

                Абай мәдениет үйiнде өткiзiлетiн iс-шарадан алдын облыс орталығынан арнайы  ат терлетiп келген мәртебелi меймандар “Тұңғыш Президент” саябағындағы Кеңес Одағының батырлары Абылай Әлiмбетов, Сейiтқасым Әшiров пен Халық  қаһарманы Мәулен Қалмырзаевтың ескерткiшi мен Ұлы Жеңiстiң 70 жылдық мерекесiне орай орнатылған обелейскiге гүл шоқтарын қойып, сондағы Шардара аудандық тарихи өлкетану мұражайына қойылған құнды жәдiгерлермен танысты.

                Аталмыш iс-шараның мақсаты аға буын өкiлдерiнiң өнегелi өмiр жолдарын кейiнгi толқын жастар арасында насихаттау, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандыру. Ел бiрлiгi мен  ынтымағының арта түсуiне ықпал ету.

                Мәдениет үйiндегi маңызды басқосуды облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Жеңiсбек Мәуленқұлов ашып, жүргiзiп отырды.

                Алғашқы болып сөз алған аудан әкiмi бүгiнгi “Ата-баба дәстүрi–ұрпаққа аманат” бағдарламасы аясында жұртшылықпен кездесу өткiзуге келген мәртебелi меймандарға алғыс айтып, бұл бағытта ауданымызда атқарылып жатқан игiлiктi iс –шараларға қысқаша тоқталып өттi.

                Мұнан кейiн мiнбеге көтерiлген Жеңiсбек Мәуленқұлов “Отанды сүю–ұрпаққа аманат” және “Ұлы Жеңiске–70 жыл” атты тақырып аясында мағынасы кең мазмұнды хабарлама жасады. Ол кiсi, әсiресе, көршi  аудандармен салыстырғанда Шардара қаласының  мұнтаздай  тазалығына тәнтi болғанын айрықша атап өттi. Сондай-ақ, кеңес төрағасы өткен жылы қазығын өзi қағысқан аудандық ардагерлер үйiнiң қысқа мерзiм iшiнде, онда да жеке кәсiпкер Ғани Тайжанов iнiмiздiң қаржысы есебiнен тұрғызылғанын естiп, Ғани баласына деген ағалық алғыс сезiмiн бiлдiрдi.

                Ж.Мәуленқұловтың мағынаға толы мазмұнды әңгiмесiнен кейiн Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығына орай арнайы түсiрiлген бейнефильм көрсетiлдi. Шынын айтайық фильмдi көрген жұртшылықтың көздерiне жас алмағандары қалған жоқ.

                Ал “Алаш” сыйлығының лауреаты, жазушы, Оңтүстiк Қазақстан облысының құрметтi азаматы, облыстық ардагерлер кеңесiнiң мүшесi Мархабат Байғұт ағамыз “Иманды ұл, инабатты қыз елдiң көркi” деген тақырыпта хабарлама жасады. Қанша дегенмен жазу, сызудың адамы емес пе,  айтар ойын ашық әрi нақтылы мысалдар арқылы жиналған жұртшылықтың жүректерiне жеткiзе бiлдi.

                Мархабат Байғұт ағамыздан кейiн сөз кезегi философия ғылымдарының . кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың халықаралық қатынастар және саясаттану кафедрасының меңгерушiсi Сәкен Мәжiнбековке берiлдi. Ол кiсi әлемдiк ғылымға «Қазақ өркениетi» деген сөз тiркесi енгiзiлгенiн мақтанышпен айта келiп, төрткүл дүниенiң төрт бұрышында болып жатқан дүрбелең оқиғаларға кеңiнен тоқталып өттi. «Қазiргi жағдайымызға шүкiршiлiк айтуымыз керек, - дедi ол жастар отырған артқы жаққа назарын тiктеп. – Бiздiң бағымыз да, сорымыз да бүгiнгi ұлан ғайыр жерiмiз болуы бек мүмкiн. Батысымызда бiздi 70 жыл бойы бодандықта ұстап келген ақ аю– Ресей мемлекетi тұрса, шығысымызда жетi басты айдаһар – Қытай мемлекетi. Олар бiздiң асты-үстi қазба байлыққа толы жерiмiзге көз тiгiп отырғанын ұмытпауымыз керек. Ол үшiн айналдырған 17 миллион халқы бар Қазақстан халқына бiрлiк, ынтымақ қажет. Сонан соң жастарымыздың бiлiмдi де, бiлiктi болуын қалаған болар едiм».

       Кезек облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасының орынбасары, әжелер алқасының төрайымы Үрзада Айбековаға берiлгенде жиналған жұртшылық бiр сәт сiлтiдей тына қалды. Ол «Ырысы мол, өрiсi кең тәрбие отбасынан басталады» атты тақырыпта хабарлама жасады. Хабарлама жасады дегенi болмаса, айтар ойы мен берер кеңестерiн түгелдей қағазға қарамастан ауызша жеткiздi.

Облыстық топ құрамында келген Ордабасы аудандық әжелер алқасының төрайымы, ардагер ұстаз, ҚР «Бiлiм беру үздiгi» төс белгiсiнiң иегерi, Ордабасы ауданының құрметтi азаматы Айымгүл Көкiшова да ұрпақ тәрбиесi жөнiндегi ұлағатты ойларын көпшiлiкпен бөлiстi.

Алқалы жиынды облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Жеңiсбек Мәуленқұлов қорытындылап, аудан әкiмi Қамытбек Айтөреев, мәслихат хатшысы Тоқсанбай Бердiбеков, аталмыш iс-шараға демеушiлiк жасаған Қуанбек Абдуллаев, Дәуренбек Сандыбаев, Ғани Тайжанов, Зәкiрхан Талбидин және Бақытжан Сермаңызовқа облыстық ардагерлер кеңесi атынан «Алғыс хаттар» тапсырды.

«Ата-баба дәстүрi – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында өткiзiлген iс-шара соңы аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмi әзiрлеген көңiлдi концертке ұласты.

 Қ.Дәуiрұлы

 «Қамшы» сілтейді 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар