Қазақстанның халық артисі, режиссер Талғат Теменов Ақан Сатаевты "Қасым хан фильмі сценарийін орысша оқыған әйеліне жаздырып, рухани қылмыс жасады" деп айыптады. Бұл туралы ол Hit-TV арнасындағы "Менің өмірім" бағдарламасында хабарлады.
Теменовтің айтуынша, "Қазақфильм" басшылары алдымен, өз жағдайын, қала берді қасындағы жақындарының жағдайын ойлайтын жағдайға жеткен.
– Ақан Сатаев, Жүргеновті бітірген жігіт, әкесін де, шешесін де білемін. Бірақ мына соңғы әйеліне сценарийді жаздырыпты. Қаншама ғұламаларымыз отыр. Соның қасында орысша бітіріп, қазақтың бір ауыз өлеңін жатқа білмейтін, қазақтың бір жазушысының кітабын төл нұсқада оқымаған адамның мұндай дүниеге баруы және оған бірнеше миллион гонорар алуы жантүршігерлік жаңалық болды мен үшін. Бұл – дұрыс емес. Бұл ұлтты, елді ойламағаны. Қара басын ойлаған адам. Мұндай адамдар қазақтың басына күн туса, осында қалып, ел қорғайды, жер қорғайды деп ойламаймын, – дейді Теменов.
Режиссердің сөзінше, "Томирис" тарихи фильмі үшін сценарий жазғандардың қатарында өзі де болған. Алайда Сатаев оның жұмысын қарамаған. Сондай-ақ Теменов фильм сюжетінде үлкен қателік кеткенін айтты.
– Үлкен қателігі, Томирис Кирдің басын қанға малып, өзі шабады. Негізі қасындағы адамға жасатуы керек еді. Бұл – "Томиристі" жазған Болат Жандарбеков сияқты ғалымдардың алдында рухани қылмыс, қателік, – деді Теменов.
Бұған дейін "Қасым хан" фильмін түсіруге түрік режиссері шақырылған. Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы түрік режиссер Метин Гюнайды елбасымен жолықтырып "Қасым хан" фильмін түсіруге рұқсат алған. Көп ұзамай жобаға бюджеттен 11 млрд теңге бөлінген.
Алайда жазушы Смағұл Елубай тарихи тұлғаның өмірі туралы киноны түрік режиссерінің сценариімен түсіруге қарсы болып, қазіргі мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға хат жолдап, сарапшылар кеңесінің талқысына қайта салуды сұраған. Жазушының өтінішіне құлақ асқан министр фильм түсіру белгісіз мерзімге шегерілетінін мәлімдеген.
Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының баспасөз қызметі тарихи туындының сценариін Ақан Сатаев, Тимур Жақсылықов және Нәзира Бақаева (Ақан Сатаевтың бұрыңғы әйелі - ред) жазып жатқанын хабарлады. Киноның дайындық жұмысына 2020 жылы 511 млн теңге бөлінген.
Кинокартина айналасындағы дау мұнымен бітпейді. Алматы қалалық экономикалық тергеу департаменті "Қасым хан" тарихи хикаясын түсіру кезінде 30 миллионға жуық қаражат ұрланғанын анықтаған. Сот үкіміне сай, айыпталушылар қылмыстық кодекстің 189-бабы, 3-бөлігі, 1, 2-тармақтары (өзiнiң қызмет бабын пайдалануы-ред) бойынша кінәлі деп танылды. "Қазақфильм" АҚ "Қасым хан" киножобасы" филиалының бұрынғы директоры 2 жылға, оның екі сыбайласын 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.
Пікір қалдыру