Бауыржан Байбек балалардың интернаттарда өмір сүру жағдайы туралы айтты

/image/2021/10/08/crop-153_9_826x1101_f9e02f20-22fa-47b4-bdbe-f616732d993f.jpg

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы қарсаңында Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша өңірлерге сапарын жалғастыруда. Бүгін ол «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламаларының Шымкент қаласында орындалу барысымен танысты.

Филиал төрағасы, Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновтің мәлімдеуінше, 9 айда 2025 жылға дейін жоспарланған 475 индикатордың 23%-і орындалған. Қалада 398 мың шаршы метр тұрғын үй, 5 медициналық мекеме мен 115 спорт алаңы пайдалануға берілген. 250 мың адамды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында «Бозарық» электр қосалқы станциясы салынған. Газ тарату станциясының құрылысы аяқталуда, ол 5 шалғай елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ететін болады. 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Фото: «Nur Otan» партиясы баспасөз қызметі

«Мемлекет басшысы жария еткен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасы аясында білім беру саласына ерекше назар аударылады. Ел көлемінде 800 жаңа мектеп салу және 5 мың қолданыстағы мектепті жаңғырту жоспарланған. Тікелей Шымкентте таяудағы 5 жылда 66 мектеп салу және жөндеу жоспарланған, бұл ретте 25 оқу орны биыл салынды. Сапар барысында №79 жаңа мектепте педагогтер ұжымымен кездестім. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл мұғалімдердің жалақысы 25%-ке өсті. Партияның сайлауалды уәделерін іске асыру аясында педагогтердің еңбекақысы 2024 жылға қарай 2 есе көбейіп, орташа алғанда 330 мың теңгеден асады», – деп жазды Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында.

Оның айтуынша, партия жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға ерекше назар аударады. Сондықтан ол Шымкентте кәсіпкерлікті жаңадан бастаушыларға, ең алдымен жастар мен әйелдерге қолдау көрсететін онлайн-орталық ашқан «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен кездесті. Болашақтықтар атап көрсеткендей, ІТ және агротехнология, архитектура, дизайн және басқа да салалар бойынша тегін кеңес беріледі.

Сол күні партия Төрағасының Бірінші орынбасары Шымкент қаласында, сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстарында сайлауалды уәделердің іске асырылу барысын онлайн-форматта қарастырды. Бауыржан Байбек филиалдар басшылығы мен мәслихаттардағы фракциялардың назарын жыл соңына дейін орындалмай қалу қаупі бар жекелеген тармақтарға және осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігіне аударды.

Фото: «Nur Otan» партиясы баспасөз қызметі

«Елбасы 2019 жылы балалардың интернаттарда өмір сүру жағдайларын жақсарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жыл басында VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында балалардың құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару міндетін қойды. Осы тапсырмаларды орындау үшін балалардың интернаттарда өмір сүру жағдайларына кешенді талдау жүргізілді. Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңестің деректері бойынша, барлық интернатқа күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілген жалғыз өңір – Павлодар облысы. Сондай-ақ, Қостанай облысы да алдыңғылардың қатарында. Бұл ретте Қызылорда, Маңғыстау, сондай-ақ Алматы және Түркістан облыстарында ахуал қанағаттанарлықтай еместігі байқалады. Әрбір балаға толыққанды жағдайды қамтамасыз ету – біздің сайлауалды бағдарламамыздың басымдықтарының бірі. Сондықтан Кеңестің бастамасы бойынша бұл мәселе келесі аптада Партиялық бақылау комитетінің қарауына ұсынылады», – деп ескертті партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Бауыржан Байбек өңірлік фракциялар жұмысына және биыл партияның Саяси кеңесі Бюросының шешімімен енгізілген «Nur Otan»-нан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жария рейтингіне жеке тоқталды.

«Қазіргі кезде бізге жекелеген филиалдардан партияның мәслихаттағы хатшылары мен фракция жетекшілерін жария рейтингте қарамау туралы ұсыныстар келіп түсуде. Рейтинг сайлауалды міндеттемелерді тиімді іске асыруға, сондай-ақ олардың қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету есебінен партиядан сайланған депутаттарға халықтың сенім деңгейін арттыруға бағытталғанын тағы да еске саламын. Бұл ретте жүйелі түрде рейтингі төмен депутаттардың тиімділігі филиалдардың Саяси кеңестерінің отырыстарында қаралып, ол мандатты кері қайтарып алу және тиісті депутаттарды ротациялау үшін негіз бола алады. Біздің партиялық кадрлық резервте 3,4 мыңнан астам депутаттыққа лайықты үміткерлер бар. Тиісінше, біз оларды көрсеткіштері төмен депутаттармен алмастыруды ұсынатын боламыз», – деп атап өтті ол.

Фото: «Nur Otan» партиясы баспасөз қызметі

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар