Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұлов Сарыағаш ауданы Қошқар ата ауыл округіне қарасты жалпы орта мектепте орын алған оқыс жағдайды өзі назарға алып, қатаң бақыламақ. Естеріңізге салсақ, 12 қыркүйекте Сарыағаш ауданындағы №81 Мақташы жалпы орта мектебінде 2-сынып оқушысы Ақерке Сейітқұл сыныпты тазаламақ болғанда үстіне шкаф құлап, көзінен ауыр жарақат алды. Осының салдарынан жасөспірім бір жанарынан айрылды. Белгіленген тәртіп бойынша оқыс оқиға орын алған уақыттан бастап үш сағатта жағдайды мектеп әкімшілігі билік орындарына мәлімдеуі қажет. Алайда, жауаптылар бұл жайтты он күн бойы жасырып келген. Осыған орай, №81 жалпы орта мектебінің директоры Д.Исакова мен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Есенбекова және 2 «ә» сынып жетекшісі А.Серікбаева атқарып отырған жұмысынан босатылды. Аудан әкімінің өкімімен білім бөлімінің басшысы Е.Рысбаевтың қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Бүгінде А.Сейітқұлдың жағдайы бір қалыпты. Бұл мәселе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында. Егер отадан кейін емін жалғастыратын болса, оны оңалту үшін республикалық медициналық мекемелерге тегін жолдама беріледі. Әрбір қызметкер өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруы тиіс деген өңір басшысы Б.Атамқұлов осы жайтты өз жіті назарға алып, қатаң бақылайтынын жеткізді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру