Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу жобасын жүзеге асыру бойынша тапсырмалар берген болатын. Осы орайда Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында 30 мың ағаш отырғызу бастамасын қолға алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ізгі шарасы жалғасымен Алматы қаласы Алатау ауданында ағаш отырғызылды.
Сауапты амалға ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Мырзабаев, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы, дін қызметкерлері мен ұстаз-шәкірттер қатысты. «Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір тал ексе, ол жеміс бергенше Алла Тағала міндетті түрде оған сауап жазады» деген. Пайғамбар хадисі мен сүннеттері жолында мәуліт айындағы ізгілік шарасына аудан тұрғындары да атсалысты.
Тағы бір хадисте: «Кімде-кім бір тал егіп, оның жемісінен адам немесе Алла Тағаланың жаратылыстарынан біреу жесе, ақиқатында ол адам үшін бұл бір садақа» делінген. «Біз жамағатты қоршаған ортаны қорғап, ағаш отырғызуға үндеп келеміз. Қала көркінің ажарланып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуы маңызды іс. Осыған дейін Алматы өкілдігі 850-түп ағаш отырғызды. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз» деп атап өтті Бас имам Оспан Төлеби Дәділұлы.
Халық даналығында: «Адамгершілікке арналған үш сауап:
Шөлге құдық қазған бір сауап,
Өзенге көпір салған бір сауап
Жолға ағаш еккен бір сауап» деген сөз бар. Мағыналы сөзді мәйек еткен дін қызметкерлерінің ісін көпшілік жамағат та қолдады.
Пікір қалдыру