Игі іс жасап жарысатын тұлғалар арасында «Қайырымдылық керуені» байқауына іріктеу басталды. Аталған сайыс биыл республика көлемінде 4-ші рет өткізіледі. Бұл туралы, арнайы өткен брифингте қалалық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымы Эльмира Созақбаева айтты.
«Қайырымдылық керуені» байқауы ізгі іс жасауға асыққан азаматтар арасында жыл сайын өткізіледі. Мейірімге толы іс-шараның негізгі мақсаты – әлеуметтік көмекке зәру жандарға көмек қолын созу. Жомарт жандардың ісін бұқараға насихаттау.
Эльмира Созақбаева, Шымкент қаласы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы
- Байқау жыл сайын Қазақстан дамуына қомақты үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтайды. Байқауды Н.Назарбаев Қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені, «Хабар» агенттігі, «КТК» телеарнасы жүзеге асырады.
Қатысушылар 7 номинация бойынша сайысқа түседі. Аталған номинациялар қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуге ат салысқан азаматтарға беріледі. Жеңімпаздарға «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешеніне жолдама беріледі.
Асем Әділбекова, Шымкент қаласы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары «Асар» номинациясы халықтық салт-дәстүрді сақтауға бағытталған қайырымдылық қызметті атқаратын жандарға табысталады. «Туған жер» номинациясы білім беру, экология және аббаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру салаларда туған өлкесіне қайырымдылық көрсеткен лауреатқа табысталады. «Батыл жүрек» номинациясы ерлік пен қайсарлық танытқан адамдарға беріледі. Бұл номинация шеңберінде шұғыл қызмет – ТЖ, ІІМ, Жедел жәрдем қызметкерлерінің арасында ең үздіктерге қосымша жеңімпаз атағы берілуі мүмкін.
Ұйымдастырушылардың сөзінше «Мейірім жолында» номинациясымен қайырымдылықпен тұрақты түрде айналысатын азаматтар марапатталады. «Қайырымдылық тарихы» қоғамдағы өзекті мәселелерді жариялаған журналист немесе шығармашылық топқа беріледі. Ал «Бала жүрегі» номинациясы төтенше жағдайда ерлік көрсеткен жасөспірімдерге табысталады.
Қайырымды жандар арасындағы байқауға өтінім беру 30-қарашаға дейін жалғасады. Ал іріктеу желтоқсанның 1 мен 31 аралығында өтеді. Дәстүр бойынша үздіктерді марапаттау рәсімі 26 ақпанға жоспарлануда.
Пікір қалдыру