16-шы ТАПСЫРМА
1. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі:
- Ұлттық лотереяны дамыту жүйесінің жаңа тиімді моделін ұсынсын;
- қазақстандық командалардың шет елдер чемпионаттарының жоғары лигаларына (спорттың әр түрі бойынша) қатысуын ұлғайту жөнінен ұсыныс енгізсін.
2. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп мамандандырылған спорттық теледидар арнасын құру жөнінде ұсыныс енгізсін.
3. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп Алматыда өтетін қысқы Универсиада-2017 қарсаңында студенттік және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және студенттер мен жасөспірімдер клубын құру жөнінде ұсыныс енгізсін.
d) Халықты әлеуметтік қорғау және бейімдеу жүйесін дамыту.
Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, демек - зейнет жасындағы, бірақ еңбекке қабілетті жастағы адамдар санын арттыру денсаулық сақтауды дамытудың нақты нәтижесі болып табылады.
Бүгінде бірқатар елдер зейнетақымен қамтамасыз етуде зейнеткерлік жастың деңгейін ұлғайту бағытындағы көзқарастарды қайта қарастыруда.
БЭК-ке мүше елдерде зейнетақы жасының бір-бірімен сәйкеспейтіндігіне назар аудару қажет.
Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын азаматтарды әлеуметтендіру тетігін дамыту қажет.
Бұл, бірінші кезекте, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар, көп балалы отбасылар мүшелері, зейнет жасындағы адамдар және т.с.с.
Сонымен бірге, негізгі көзқарас мемлекет қамқорлығы емес, осы азаматтардың өздеріне, өздерінің әлеуметтік пайдалы еңбекке жарамдылығына деген сенімге ие болуларына көмектесетіндей жағдай жасау.
Бұл тұрғыда арнайы заңнама, мәселен, әлеуметтік жұмыс орындары туралы заң қажет.
Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп жүрген көп балалы отбасылар мен әйелдерге қолдау көрсетудің өбектеусіз жүйесін құрудың маңызы зор.
Ал бізде кейбір «қушыкеш» жұмыс берушілер әйелдерді жұмысқа қабылдаған кезде бірден екі өтініш алады - жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы, егер жүкті бола қалса деген оймен. Бұл масқара!
17-ші ТАПСЫРМА
1. ҚР Үкіметі 2012 жылдың 1 қыркүйегіне дейін:
- «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп «Әлеуметтік жұмыс орындары туралы» арнайы заңды әзірлеу туралы мәселені қарастырсын;
- екі ай мерзім ішінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп ата-аналардың балаларының балабақшаларда болуын төлеу жөніндегі шығындарының, олардың отбасындағы санына байланысты, бір бөлігіне өтемақы төлеуді, бала күтімі бойынша демалыстан соң қайтадан жұмысқа шыққан әйелдерге мемлекет есебіненбіліктілігін арттыру және қажетті жаңа мамандық алу мүмкіндіктерін, ҚР Салық кодексіне көп балалы отбасылар үшін табыс салығы бойынша жеңілдіктер туралы ережелерді және басқаларды заңды тұрғыда реттеу мәселелерін қарастырсын.
2. ҚР Үкіметі ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңеспен бірлесіп:
- «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңына жас маманның мәртебесін құқықтық айқындау,оның ең төменгі әлеуметтік пакеті және басқа да мәселелер бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды қарастырсын;
- 2012 жылдың соңына дейін жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға және индустрияландыру бағдарламасына қатысуға ынталандыру мен тартудың нақты шараларын әзірлесін.
Басты бағыт - жас қазақстандықтарды дербес өмірге, бастамашыл еңбекке бейімдеудің тиімді жүйесін құру.
Мен жас ұрпақтың ел болашағы үшін маңызын әрқашанда атап көрсетіп келдім және атап көрсете беремін. Мемлекет әрбір жас адамның өз еліне міндетті түрде қажет болуы үшін бәрін де жасайды.
Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңды жаңарту қажет. Жас мамандарды еңбекке орналастырудың кепілдіктері мен әлеуметтік пакет туралы, жастар тәжірибесін ұйымдастырудың тәртібі туралы құқықтық нормалар қажет.
Біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. Қазақстаннан тыс жерде жұмақ жоқ. Еш жерде, әлемнің ешбір елінде бәріне бірден ие болу мүмкін емес.
Туған Қазақстанда еңбек етіп, өз әлеуеттерін жүзеге асырулары қажет.
Ол үшін мемлекет барлық жағдайлар жасауда және одан әрі де жасай беретін болады.
Қазақстандық жастардың кең көлемін техникалық және кәсіптік білім алуға және индустрияландыру бағдарламасына қатысуға ынталандыру мен тартудың шараларын әзірлеу маңызды.
4. Әлеуметтік жаңғыртудың ақпараттық-мәдени құрамдасы
Қазақстанда әлеуметтік жаңғырту жаһандық ақпараттық дәуірде жүзеге асуда. Бұл факторды міндетті түрде ескеру қажет.
Жаңғырту үдерісі, біріншіден, бүкіл қазақстандық социумды ақпараттық қоғам жағдайына бастауы тиіс, ол әлемдік дамудың трендіне толық сәйкес келеді. Және екіншіден, Қазақстанда экономиканың, әлеуметтік жүйе мен саясаттың бұлжымас дамуының маңызды факторы бола алатындай ақпараттық-мәдени орта құру қажет.
Қазақстанда ақпараттық технологиялар рекордтық қарқынмен дамуда. Ақпараттық кеңістікті - коммуникациялық желілер мен БАҚ-тарды цифрландыру жоғары қарқынмен жүруде.
Интернетті пайдаланушылар саны тек 2011 жылы ғана Қазақстанда 2 еседен астамға өсіп, 8,7 миллион адамға жетті, яғни ел халқының жартысынан асып түсті. Іс жүзінде Қазақстан қоғамды жаппай компьютерлендіруге жақындап келді.
Бүгінде ақпараттық фактордың барлық өскелең рөлін ескере отырып, мен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанаттағы баяндамамда айтқанымдай, «Ақпараттық Қазақстан-2030» Мемлекеттік бағдарламасын әзірлейтін уақыт келді.
Бірінші. Осынау стратегиялық құжатта «электронды үкіметті» іс жүзінде жүзеге асыру міндетін алға қоюдың маңызы зор.
Электронды үкімет туралы арнайы заң қабылдап, мемлекеттік электронды қызмет көрсету үлгілерін әзірлеу қажет.
Жергілікті деңгейде ақпараттық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін ұлғайту керек.
«Электронды әкімдіктің» облыс, қала, аудан үлгісіндегі үш деңгейлі бірүлгілік сызбасын әзірлеу қажет.
Сол сияқты азаматтардың барлық деңгейдегі әкімдердің, жергілікті шенеуніктер мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының жұмыс тиімділігіне электронды баға беру жүйесін құру мүмкіндіктерін де зерттеу керек.
Жергілікті билік қоғамның қалтқысыз назарында болуы тиіс.
Екінші. Интеллектуалдық ақпаратқа қолжетімділіктің инновациялық түрлерін дамыту қажет, Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын түбегейлі ұлғайту керек.
Іс жүзінде ол - ұлттың электронды миы. Сондықтан әлеуметтік маңызды басылымдар бағдарламасы бойынша шыққан барлық кітаптарды ҚазҰЭК-ке қосу қажет. Сонымен қатар, оған жеке адамдар шығарған кітаптарды орналастыруды ынталандыру тетіктерін де ойластыру керек.
Үшінші. Отандық БАҚ-тарды жаңғырту бағдарламаның маңызды бағыты болуы тиіс. БАҚ саласы журналистік этиканың Ұлттық кодексінің нақты үлгілері, сол сияқты тұтынушыны бұрмаланған және шынайы емес ақпараттан қорғайтын заңды нормалар негізінде жұмыс істеуі керек.
Төртінші. Ең бір қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып Қазақстан туралы жаһандық ақпаратты ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Атап айтқанда, Қазақстаннан Шығыс Азия мен мұсылман әлемі елдеріне географиялық ақпараттар ағынын ұлғайта түсу керек.
БЭК бойынша әріптестерімізбен және бүтіндей алғанда еуразиялық кеңістіктің ақпарат кеңістігіндегі тыңғылықты жұмыстар біздің айрықша міндетіміз болуы тиіс.
Біз үшін Қазақстанды БЭК пен ТМД-ға тартымды үлгі ете отырып, елдегі жаңғырту үдерісінің бүкіл ырғағын әріптес елдер тұрғындарына жеткізу аса маңызды.