АҚШ мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен мен Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Ресей армиясының Украина шекарасындағы әрекетіне қатысты сөйлесті.
"Екі бас дипломат Ресейдің Украина маңындағы әскери әрекеттері туралы талқылады, сонымен қатар Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығы туралы сөйлесті" деді АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Нед Прайс.
Орыс әскерінің Украина шекарасына жақындағанына байланысты АҚШ пен Еуроодақ дабыл қағуда.
Ал германиялық DW басылымы "Ресей армиясының қозғалысы ықтимал шабуыл қаупін тудырды" деп жазады.
Бұан дейін Украина президенті Владимир Зеленский шекаралық аймақта 100 мыңға жуық ресейлік сарбаз бар екенін мәлімдеген. Осы аптаның басында АҚШ президенті Джо Байден мен Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен Ресейдің Украина маңындағы әскери күштерін арттыру мәселесін талқылаған. Кейінірек Лейен ЕО шенеуніктері Украинаның аумақтық тұтастығын толық қолдайтынын айтты.
Назарды аудару техникасы
Ресейдің Украина шекарасына әскер жіберуі мен Беларусь- Еуроодақ шекарасындағы мигранттардың жиналуы бір уақытта болып жатыр. Батыс мигранттар дағдарысына Ресейді кінәлайды. Жексенбі күні АҚШ "Беларусьтің шекараға мигранттарды жіберуі қауіпсіздікке қатер төндіреді, жікке бөліну туғызады" деп мәлімдеді. АҚШ тарапы "Беларусьтің әрекеті Ресейдің Украинамен шекарадағы әскери қозғалысынан назарды бөлуді мақсат етеді" деп мәлімдеген.
Пікір қалдыру