Электр қуатының жиі сөнуіне байланысты баспасөз брифингі өтті

/image/2021/11/18/crop-112_30_751x1001_063043961000.jpg

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетовтің қатысуымен қалада электр қуатының жиі сөнуі жағдайына байланысты баспасөз брифингі өтті. Жиынға қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС бас директоры М.Ибрагимов, «КЕGOC» АҚ-ның бас инженерінің орынбасары С.Оисов қатысты.

Қала әкімінің орынбасары шаһарда электр қуаты бойынша орын алып жатқан шектеулердің негізгі себептері мен тиісті жұмыстардың барысына тоқталып өтті. Шымкент қаласында жылыту маусымында электр энергиясын тұтыну көлемі жоғары шекке (375 МВт) жеткен. Жаз айларында бұл көрсеткіш 313-315 МВт болған еді.

– Бүгінгі таңда Екібастұз электр станциясында жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты 221 МВт орнына 120, Шардара ГЭС-те су деңгейінің төмендеуінен 50 МВт орнына 8 МВт электр энергиясы алынуда. Жалпы 60-70 МВт тапшылық пайда болды. Осы себептермен қала аумағында негізінен, кешкі уақыттарда 5-20 МВт уақытша шектеулер орын алды. Аталған мәселені шешу мақсатында «Оңтүстік ЖарықТранзит» ЖШС-і, Жамбыл ГРЭС-пен қосымша 70 МВт электр энергиясын алуға келісімшарт түзілді. Бұл өз кезегінде қаланың электр энергиясын тұтыну қажеттілігін толығымен жабатын болады, – деді қала әкімінің орынбасары.

ҚР Энергетика министрі Мағұм Мырзағалиевтің төрағалық етуімен өңірдегі электр қуатын тарататын мекеме басшыларымен жиын өтіп, тиісті шешім қабылданды. Оған сәйкес, көпқабатты, жеке тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарда элеткр қуатын өшірмеуге келісім жасалды. 11 қарашадан бастап аталған нысандарда электр қуаты шектелмейді. Тек апатты жағдайлар болған кезде ғана сөнуі мүмкін.

Қала әкімінің орынбасары М.Айманбетов әкімшіліктің келісімімен қажет кезде ғана заңды тұлғалар мен өндірістік мекемелерді ғана сөндірілуі мүмкін екенін атап өтті.

Шымкент қаласында жалпы электр энергиясын тұтыну өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқан. Бүгінде электр тогының қосылу көзі болып табылатын «1-М-1» қосалқы станциясының құрылысы аяқталып, іске қосуға дайындық жұмысы жүргізілуде.

М. Айманбетов рұқсатсыз электр қуатын пайдаланушылар бойынша тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді. 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар