Бүгінде фермерлер 7 млн. тонна астық жинады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарлады. бұл туралы "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойынша барлық аймақтарда егін жинау науқаны жүріп жатыр. Биыл егін ору өткен жылдағы көрсеткіштерге қарағанда қарқынды. Ағымдағы жылғы 14 қыркүйектегі жағдай бойынша шамамен 6,3 млн гектар дәнді дақылдар жиналды, бұл 2014 жылғы деңгейінен 25,9 мың гектарға артық. Бүгінде 6,9 млн. тоннадан астам астық бастырылды (2014 жылы - шамамен 6,7 млн. тонна), астық түсімділігі гектарына 10,9 центнерден болды, бұл өткен жылдың деңгейінен 0,2 центнерге артық»,-дейді министрліктегілер.
Оңтүстік аймақтарда жүгері мен күрішті санамағанда, жалпы дәнді дақылдардың ору науқаны аяқталды. Жазғы дақылдардың өсірілуі кезеңінде ауа райының құрғақшылық болуы салдарынан ең төменгі түсімділік Ақтөбе (5,6 ц/га) және Батыс Қазақстан (5,3 ц/га) облыстарында байқалуда.
Айта кетейік, биыл барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 21,2 млн. гектарды құрады, оның ішінде дәнді дақылдар - 14,9 млн. гектар, бидай - 11,7 млн. гектар. Майлы дақылдар 2 млн. гектарға, мал азықтық дақылдар - 3,7 млн. гектар алқапқа, ал көкөніс-бақша дақылдары мен картоп - 425 мың гектар жерге себілді.